Ата-аналар әдетте өз баласын жаман ойға қимайды. Балалары бұзықтық жасаса, жүрген ортасын айыптайды. Осы күнге дейін сақталып келе жатқан «дәстүрлердің» бірі – сыныптағы, мектептегі атамандық. Сол дәрежеге таласу. Оны дәлелдеу үшін соққы жеп, ауыр жарақат алу. Мұнымен қатар, қарсыласын мертіктіретін кездері де болады. Оқушылардың маған дейінгі оқушылар да төбелесті, мен де төбелесемін, онда тұрған еш нәрсе жоқ деп ойлайтыны анық. Алайда сол бір түкке тұрғысыз қас-қағым сәтте бір адам өмір сүру мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Яғни ең алдымен әр істі бастамас бұрын оның салдарын ескерген жөн.
Сыныпта атаман болудың пайдалы тұстары бар. Басқалардың жетегіне ермей, өз соңыңызға ертіп жүресіз. Ешкім сізге қарсы келмейді. Жұдырық ала жүгірмейді. Алайда осы мүмкіндікті қаншалықты дұрыс пайдаланып жүрміз? Күшіміз тасығанда кінәсіз жанды ұрып-соғатынымыз рас. Ата-анасы маңдай терімен тапқан ақшасын қалтасынан алып, бір күндік азығынан айырамыз. Ол оқушының өзіміз секілді жұдырықтаспауының себебіне үңілмейміз. Мүмкін денсаулығы нашарлап, ауруханаға қаралуға қаражаты жетпей жүрген бала шығар. Баланың бойындағы сенімсіздік әдетте ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Олардың табысы жетпегендіктен, бала спорт секцияларына қатыса алмауы да ғажап емес. Ал бұл туралы Массагет тілшілері не дейді екен?
Нұрбол Нұрмаханұлы: "Алғашында екінші атаман болдым. Себебі, бірінші атаман менің жан досым еді. Мен оның көңілін қимайтынмын. Арамызда келеңсіз оқиғалар болған кезде, орнымыз ауысып тұратын. Ал төртінші сыныптан кейін барлығы өзгерді. Атамандық деген ұғым бастауыш сыныппен бірге қалды десек те болады".
Фариза Әбілова: «Сыныпта атаман міндетті түрде болуы керек деген пікірмен келіспеймін. Мұны нағыз «ақымақтық» деп бағалаймын. Әрине өзіңді қорғай білуің керек. Алайда оқушылар «атаман» өзгелерге қысым көрсетуі керек деп түсінеді. Қыз болсын, ұл болсын бұл «дәстүрден» алшақтауға өз үлесін қоса түскені жөн. Яғни төбелесуден бұрын өзімізді қорғай білгеніміз дұрыс. Мектеп қабырғасында түрлі жағдай болады. «Хабар» арнасының бір бағдарламасына барып, осы тақырыпты талқылаған болатынбыз. Аталған бағдарламаға 8 сыныпта басымнан өткен оқиға арқау болды. Ол кезде мектепте өз орныңыз үшін күрес жүргізетінсің. Дәл қазір мұндай мәселелерді оқушылар жұдырықпен емес, сөзбен шешкендері жөн. Нақты әрі салмақты сөз тыңдаушысын тауып, кез келген адамды өз орнына қояды».
Жолдас Өрісбаев: "Мектепте атамандық дәстүрге айналған. Расымен де, біздің мектепте бірінші сыныптан бастап атамандық болды. Екі әріптің басын қосып, ежелеп оқи бастаған сәттен-ақ жұдырық түйістіруге құмар болатынбыз. Екінші сыныпта екінші атаман болдым. Ал маған дейін бұл орын ең жақын досыма тиесілі еді. Денесінің үлкендігі әлі есімде. Артынша төртінші сынып оқып жүргенімде өзге сыныпқа ауысқандықтан, бірінші атаман болдым. Есейген соң оның бәрі балалыққа таңылды. Мектеп қабырғасында басымыздан өткізген тәтті естеліктердің бірі болып қалды. Жігіттердің арасында үнемі сыйластық жүргені жөн.
Төбелесу арқылы мектеп оқушысы ерте кезеңнен бастап көше тәрбиесіне үйренеді. Бүгін біреуден таяқ жеп көзі көгерген бала, жеңіліс тапқаны үшін әкесінен сыбағасын алады. Мұндай әрекет қайталанбас үшін келесіде өз еншісін жібермеуге тырысады. Осылайша қоғамның қатал тұстарын тани бастайды. Мұның ер баланы тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтқым келеді".
Ақтоты Жапатова: "Өзге сыныптардағыдай біздің сыныпта да атаман болатын. Егер атаман деп тағайындаған адамдары жан-жақты, мектеп өміріне белсенді араласатын, спортқа икемі бар оқушы болса, қарсылығым жоқ. Ал төбелестен жеңсе де, мәселені ақылмен реттей алмайтын, керек кезде дұрыс шешім қабылдай білмейтін атамандарға көңілім толмайды. Меніңше, кез келген адам төбелесіп білгені жөн. Сол кезде қандай жағдай болмасын өзін қорғай алады".
Бауыржан Жақсымбет: "Біздің мектепте атамандық дәстүрі болған жоқ. Кішкентайымыздан барлық сыныптасымызбен бірге жүрдік. Әрдайым тату болдық. Бірақ арамызда кикілжің туындаған сәтте еш нәрсеге қарамай жаға жыртысуға дайын болатынбыз. Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді демекші, намысымызды анда-санда қайрап тұрғанымыз дұрыс. Бала күнімде үлкен ағаларым жекпе-жек төбелеске ертіп барып, «Бір Жаратқаннан өзге ешкімнен қорықпа» деп қайрап жіберетін. Соққының қандай болатынын көрмегендіктен, қарсыластардың айла-тәсілін жіті бақылауға кірісетінмін. Осындайда жігіттің мырзасы танылады. Спортпен шұғылдануға қызығушылығың артады. Ер жігіт – Отанның тірегі, отбасының қамалы деп бекер айтылмаған. Анда-санда төбелесіп тұрған дұрыс".
Ал Сіздің атамандыққа көзқарасыңыз қандай? Сіздің сыныбыңызда атаман бар ма?
Сурет: Massaget.kz