Ең сүйікті ұстазыңыз кім? Ұстазды қалай бағалайсыз?
Әр шәкірттің өз фавориттері болады. Біреуге математика пәнінің мұғалімі ұнаса, енді біреу химия пәнінің мұғалімін жақсы көруі мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Мектеп өмірінде көбіне жас шамасы үлкен мұғалімдер ең қатал ұстаздар қатарын құрайды. Себебі, сіз бен біз секілді қаншама шәкірттің болмысын көрген бұл ұстаздар үшін сабақ беру еш қиындық туғызбайды. Оның үстіне, ол ұстаздарда біліммен қатар білік және тәжірибе бар. Олар ұрыспай-ақ сынып ішіндегі тәртіпті бірқалыпты ұстай алады. Адам адамнан қорықпайды. Көп жағдайда сыйластық ілтипаты көрініс тауып жатады. Міне, жасы үлкен адамды сыйлау қазақтың ұлттық болмысындағы ұғым. Тәжірибесі аз жас мұғалімдерді қалай сыйлаймыз?! Көп жағдайда еркелік басымырақ түседі. Өзімізше сынға аламыз. Дегенмен, алдымызға келген кез-келген мұғалімді сыйлауға міндеттіміз.
Мектеп қабырғасында ұстазды есімімен атамай химия апай, физика апай дейтін де тіркестер кездесіп жатады. Кей кездері ұстаздарға сынып болып лақап ат қойып аламыз. Ұстаздың қарым-қатынасы сіздің өзіңізге тікелей қатысты.
Ұстаз – ұлы ұғым. Біз кейінгі кезде осы ұғымның қадір-қасиетін біршама арзандатып алған секілдіміз. Осы жерде «неге» деген сұрақтың кесе-көлденең шыға келері сөзсіз. Негесі сол, біз ұстаздықты, тіпті, ұсақтатып жібердік. Оны бір қырынан ғана көріп, соған ғана мән беріп келеміз. Сыныпқа кіріп-шығып, сабақ түсіндіргенді де, мамандыққа баулығанды да, тақырып тауып беріп, жетекшілік еткенді де ұстаз деп мақтап, марапаттап жатамыз. Ақиқатында ұстаз – мұндай тар шеңберлі түсініктің аясына сия бермейтін адам. Әлгі айтқанымыздың бірі – оқытушы, екіншісі – тәлімгер, үшіншісі – ғылыми жетекші ғана. Шынайы ұстаз – білімнің кәусарына қандырған оқытушы, ақыл-ойыңды байытқан ғұлама, азаматтық тұлғаңды қалыптастырған тәлімгер. Біздіңше, аталған осы үш бірлікті тең ұстаған жан ғана нағыз Ұстаз деген ұлы ұғымға лайық бола алмақ. Ол шәкіртіне талғам дарытады, танымын қалыптастырады, дүниені танытады, баланың өзіне беймәлім қасиетін танытады, өмірлік жолын айқындайды. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бар асыл қасиетті бойына дарытқан «бүтін бітім».
Ұстаз шәкірт жанының шамшырағы іспетті. Өйткені, жеткен биігің, мерей-мәртебең ұстаз ұлағатымен тығыз байланысты. Жаныңа жарық нұр құйған жанның ұлағаты жадыңда мәңгі жаңғырып, санаңда өшпестей боп жарқырап тұрады. Жаңа істі бастар алдында немесе жаңа өмір белесіне көтерілер сәтте сол бір аяулы адаммен іштей кеңесіп, келісіп алып, кесімді шешімді содан соң қабылдайсың. Ұстаз ұғымының ұлылығы да, ұстаз тұлғасының биіктігі де осында. Әрине, осынша құрметке, шәкіртінің шексіз сүйіспеншілігіне бөлену – кез-келген ұстаздың маңдайына жазыла бермеген бақыт. Оның себеп-салдары сан қилы. Қадірсіз ұстаздың кемшілігінен де, қасиетсіз шәкірттің кещелігінен де болуы мүмкін. Көбіне алғашқысының кінәсі басымырақ тұрады. Өмірде «өз уақытын аямаған, өзгенің жанын аялаған» ұстаз өте сирек кездеседі. Ілуде біреу десе де болғандай. Тағы да сол бітпейтін «неге?» көкейге тіреледі. Тақ етер жауабымыз даяр болса да, толықтыра айтқымыз келеді. Негесі сол, данышпан Абай айтқан «толық адам» Абай заманында қандай аз болса, болмыс-бітімі, тәні мен жаны, білімі мен біліктілігі, ілімі мен ізгілік қасиеті бірдей келіп, біте қайнасып жатқан ұлағатты ұстаз мына заманда да сондай тапшы. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Социалистік заманды артқа тастап, капиталистік келешекті алға ұстап тұрған өліара шақта, бұл – әрине, үлкен қасірет.
Дегенмен де әр шәкірттің жүрегіне сөнбес сәуле ұялатқан, оның санасындағы ең керемет ұстаздың бары айқын.
Сіздің сүйікті ұстазыңыз кім? Ұстазды қандай критерийге қарап бағалайсыз?!