- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Сүйікті пәніңіз қандай?...
Сүйікті пәніңіз қандай?
Бала өмірдің сан алуан сәтіне, түрлі оқиғаларға дайын болуы үшін базалық білімді мектеп қабырғасынан алып шығады. Әр пәнді сүйіп оқып, шын көңілмен игеру үшін оның мәнін, болашақтағы қажеттігін түсіну керек.
Математика – ғылымдардың патшасы. Математикалық төрт амалды (+, -, *, /) калькулятормен есептемей, ойша шығаруға тырыссағыз, миға жаттығу болып, есте сақтау қабілетін арттырады. Ал неше жасқа келсе де көбейту кестесін білмейтін адам қаншама, бұл өте ұят. Қала берді үйдің проекциясын жасауға да, тіпті биллярд ойнауға да геометрия қажет. Логикалық, мазмұнды есептер шапшаң ойлау қабілетін жетілдіреді.
Физика – өмірдің өзі. Сіздің айналаңызды қоршаған әлемнің барлығы физика. Қозғалысыңыз, қанша қуат жұмсайтыныңыз, оны қайта түзілуіне жағдай жасайтыныңыз, желдің бағыты, тартылыс күші, ауа райы құбылыстарының қалай орын алатыны – осының барлығы тұнып тұрған физика.
Биология. Адам өз ағзасында не болып жатқанын, қай мүшесі қай жерде орналасқанын, әр мүшесінің, жүректің, өкпенің, бауырдың, ішектің, асқазанның, сүйектердің қандай қызмет ақтаратынын, миының құрылысын, оның қай бөлігі неге жауап беретінін толықтай білетін болса, өмір сүру, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу әлдеқайда оңай болады. Бұл мәселенің барлығы биологиямен шешіледі.
Қазақ тілі мен әдебиеті. Адамдармен қарым-қатынас жасау кез келген адамға қажет. Барлығымен бірдей тіл табыса білу үшін, тілдің ережелерін бұзбай дұрыс сөйлеу үшін осы пәндерді оқып меңгеруге мәжбүрміз. Көркем әдебиетпен сусындап өскен баланың қиялы ұшқыр, ойлау қабілеті ерекше болады. Тіпті кез келген жерде, үлкен кісілердің алдында ойыңызды дұрыс жеткізуде, тойда тілек айтуда осы пәндер көмекке келеді.
Тарих. Кешегі күнін білмеген болашағын дұрыс құра алмайды. Ата-бабамыз қалай күн кешкен, қандай кезеңдерді бастан өткізген, қиындықтармен қалай күрескен – осы сұрақтың барлығына жауапты тарих пәнінен аламыз. Ежелден бергі мәдениетін, дәстүрін, не киіп, не ішкенін білмесек, ділімізден, менталитетімізден ажырап қаламыз. Мұның соңы ұлттың жойылуына апарып соғады.
Дене шынықтыру. Өмірдің мәні – спорт. Спортпен айналыспаған ауру-сырқауға бейім болады, энергия айналымы, қан айналымы дұрыс жүрмейді. Спортпен айналысса, көңіл күй көтеріңкі жүреді, өзін жеңіл сезінеді, ұзақ жасайды. Ал қай спорт түрімен қалай айналысу керек екенін осы пән арқылы білуге болады.
Әр пәннің өзіндік өмірлік мәні зор. Барлығын да шынайы құлшыныспен, махаббатпен оқыған дұрыс. Сізге қай пән ұнайды?
@. @assel_assanova