- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Сергітетін ойындар ...
Сергітетін ойындар
Балалар жиыны мен мерекелік кештердегі ойындар миды сергітіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Олай болса, кезекті материалымызды жиынды қызықты өткізуге арналған ойын түрлеріне арнайық.
«Ізінен тану» ойыны. Бұл ойынға қағаз және фломастер қажет. Ойыншылар екі топқа бөлініп, топ басшысын таңдайды. Қатысушылар қағазға өзін танытатын белгілер қалдырады. Мысалы, қол қою, бір сөз жазу, өз бейнесінің суретін салу, ерін далабын жағу, саусағының бедерін қалдыру. Осы салынған белгілерден топ басшысы қайсысы кімнің қағазы екенін шатаспай анықтауы қажет.
«Сақ болған артық болмайды» ойыны. Ойынға жиырма не одан да аз адам қатысуына болады. Ойыншылар жүргізушінің айтқанына керісінше әрекет істейді. Мысалы, қолымызды көтереміз десе, түсіреді. Басқа да секірмейміз, оң жаққа бұрыламыз, алға жылжимыз, қолымызды айқастырамыз, отырамыз деген секілді сөздер айтуға болады. Тапсырмалар мен қатысушы адамдар санына шек қойылмайды. Жағдайға байланысты ұйымдастырушылар өздері шешеді. Жүргізуші айтқанына қарама-қарсы әрекетті орындауда мүдіріп не шатасып қалған қатысушы ойыннан шығып отырады. Еш шатаспай ойын соңына дейін жеткен адам жеңеді.
«Апельсин» ойыны. Бұл өте танымал ойын, бұрын ойнап көрмеген болсаңыздар, енді байқап көріңіздер. Қатысушылар дөңгелене тұрып бір-біріне апельсинді береді. Бірақ қолымен емес, мойнымен. Апельсинге мүлдем қол тигізуге болмайды. Құлатып алмай, мойнымен келесі адамның мойнына қыстыруы керек. Жерге түсіріп алған адам ойыннан шығып, ең епті ойыншы ұтады.
@. @assel_assanova