- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Сенім жәшігі сенімді...
Сенім жәшігі сенімді ме?
Мектепте "Сенім жәшігінің" болғаны дұрыс па?! "Сенім жәшігі" дегеніміз не? Оның оқушыларға пайдасы бар ма?
Қазіргі мектеп қоғамында өміршілдік пен өктемдікті қажет етпейтін құрылымдар қолданыла бермейді. Ұстаз бен оқушы арасында, оқушы мен оқушы арасында келеңсіз жағдайлар туып, кішігірім кикілжіңдер орын алып жатады. Осы жағдайда мектеп басшылығы қандай іс-шара қолданады? Міне, осы тұрғыда мектеп қабырғасының арнайы "Сенім жәшігі" болуы керек. Оны қалай қолданамыз?
1. Арнайы ұсынысымызды, өтініш-тілегімізді хат үлгісінде жеткізуімізге болады. Аты-жөніңізді көрсету маңызды емес.
2. Сабақ өткізу әдістемесі ұнамайтын ұстазға жасырын түрде хат жолдауға болады. Мақсатыңыз мұғалімді даттау емес, өз мүмкіндігіңізді айқындау немесе қызығушылығыңызды таныту болғаны дұрыс.
3. Жоғары сыныптағылардың әлімжеттік жасап жүргенін байқасаңыз, өз басыңыздан әлімжеттікті өткерсеңіз, міндетті түрде жазыңыз. Өйткені, қоғамға ондай бұзақылық қажет емес. Мұндай жағдайдың өзінде кейіпкердің атын атамай, жай ғана жүйенің бар екенін көрсетсеңіз жеткілікті.
4. Мектеп ішінде өткізілуге тиісті бағдарламалар, би кештерінің үлгілерін салуыңызға да болады. Сіз белсенді емес шығарсыз. Алайда, қабілетіңізді, талантыңызды танытуға жол бар. Сіздің жоспарыңыз орындалуы керек.
5. Білім беру үрдісіне жаңалық қосуыңызға да болады. Өзіңіз қатысқыңыз келетін арнайы үйірмелер тізімін жасақтап, сенім жәшігіне жол тартыңыз. Арнайы пәндер қатарына тағы да қосымша оқығыңыз келетін таңдау пәніңізді өткізуін талап ете аласыз.
Сенім жәшігі арнайы әр апта сайын қаралып, сауалдар мен тілектердің маңыздылығы қарастырылуы шарт. Оқушының жеке пікірі бағалануы керек. Жан-жақты талқыға салынып, әрекеттер жасалуы қажет. Осы орайда шәкірттердің ішкі "мені" оянады. Ұстаз өзін сыйлайды және сыйлатады, шәкірт тұлғалық өмірге қарай қадам басады. Сол үшін де әр мектептің төрінде "Сенім жәшігі" тұруы маңызды.
Сіз "Сенім жәшігінің" болғанын қалайсыз ба?
Ә. Жутаева