Бүгінгі таңда оқушылардың селфи жасауға құмарлығына психолог мамандар мен ұстаздар қатты алаңдаулы. Мұнымен қатар, аталған әдет тұлға болып қалыптасуларына кедергі жасайтындығын да жасырмады.
Селфиге өте құмар жанның әдетте қиындықтары болады. Мамандардың айтуынша, өзіне сенімсіз жандар суретке көп түсіп, соғұрлым оны әлеуметтік желіге салып отырады. Бұл – өте қайғылы жағдай. Қандай жағдай болмасын, өзімізді бар қалпымызда жақсы көріп үйренуіміз керек.
Суретке көп түсетін адам өзіне жалған образ қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, өзгелердің қымбат үйінің немесе көлігінің алдында суретке түседі. Мұның арғы жағында осының барлығы өзіме тиесілі деген ой жатыр. Өзінде жоқ нәрсені өзгелер де бағаламайтыны анық. Ерте ме, кеш пе, шындықтың беті ашылады. Ал шындық пен жалған сөздің айырмашылығы жер мен көктей. Бұл алма мен қышқыл дәм араласқан суды салыстырғанмен бірдей.
Селфи жасауға құмарлықтың салдары өте жаман болуы мүмкін. Көлік рөлінде отырғанда селфи жасаймын деп апатқа түскен жандар өте көп. Немесе дәл осылай жардың шетінде тұрып селфи жасамақшы болғандар бар.
Ұлыбритания оқушысының оқиғасы көбімізге сабақ болады. Ол күнделікті 100-ге жуық селфиге түседі екен. Осының салдарынан сабақтан көп қалып, 10 келіге дейін арықтаған. Жасаған селфилерінің ешқайсысы ұнамағандықтан, өзіне қол жұмсауға бел буған. Қуанышына орай, тірі қалады. Осыдан кейін селфиге деген тәуелділіктен арылу үшін мамандардан көмек сұрайды.
Адамның өзін суретке түсіріп, интернетке салғанда тұрған еш нәрсе жоқ. Барлығы мұны қаншалықты жиі жасайтынымен, салудағы мақсатының қандай екенімен байланысты. Егер мектептегі ұстазыңыз, достарыңыз немесе ата-анаңыз үнемі селфи жасай беретініңізді байқаса, бұл әдетіңіз туралы жақсылап ойланғаныңыз жөн.
Төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы селфиге деген тәуелділігіңізді анықтай аласыз.
♦ Селфиіңіз күткендей лайк пен пікір жинамаса, өзіңізді жайсыз сезінесіз бе?
♦ Үнемі барлығын таңқалдыратындай суретке қай жерде түссем болады деп ойлап жүресіз бе?
♦ Әлеуметтік желіге жаңа сурет салғанша асығасыз ба?
♦ Егер суретті жылдам жүктеуге мүмкіндігіңіз болмай жатса, ашуланасыз ба?
♦ Селфиіңізге қатысты біреу жағымсыз пікір айтса, бірнеше күн бойы ашуланып жүретін кезіңіз бола ма?
Егер жоғарыдағы сұрақтардың барлығына «Ия» деп жауап берген болсаңыз, тежегішті басатын уақыттың келгені. Әрдайым шекараны біліп, содан асып кетпеуге тырысу керек.
Ал мұндай жағдайда не істейміз?
♦ уақыт өте келе селфи санын азайтыңыз;
♦ cелфи жасап, оны әлеуметтік желіге салмауды үйреніңіз;
♦ суретке түсе салысымен өшіруге әдеттеніңіз.
Жоғарыдағы тәсілдер көмектеспеген жағдайда психолог маманның көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Ол өз кезегінде тәуелділіктен арылып, қиындықты өз бетіңізше шешуге көмектеседі.
Сурет: Владимир Петухов