Құсбегілік өнерді кішкентайынан жанына серік еткен Бекасыл Сейтжан күні кеше өткен бүркітшілер жарысына қатысып, көзге түсті. Алғырлығына талабы сай Бекасылдың осы өнерге қалай келгендігі туралы өзі айтып берсін.
Массагет: Құсбегілікпен қанша жасыңнан айналысып жүрсің?
Бекасыл: Мен бүркітшілікпен 8 жасымнан айналыстым. Міне биыл төртінші жыл. 4 жылдың ішінде көптеген жарыстарға қатыстым. Бүгінгі жарыста бүркітімнің жолы болмады. Бірақ, өкініш жоқ.
Массагет: Бүркітіңнің аты қандай?
Бекасыл: Сайыпқыран.
Массагет: Өзің атадың ба, әлде әкең қойды ма?
Бекасыл: Өзім атадым.
Массагет: Сөзіңе қарағанда осыған дейін тағы да бүркіттерің болған секілді ғой?
Бекасыл: Иә, болды. Бірінші бүркітім – Қызыл жебе. Аяғына қызыл бау тағып қоятынбыз, содан соң, осылай атап едік. Ал екінші бүркітімнің қос иығы да аппақ болатын, сол себептен Ақиық дедік. Үшіншісі – Шамалған. Ал қазір осы – Сайыпқыраным.
Массагет: Бүгін бүркітіңнің қолыңа келмей қалуы не себептен деп ойлайсың?
Бекасыл: Өзім дұрыс жібермегендіктен деп ойлаймын.
Массагет: Сайыпқыран бүркіттің өзгелерден қандай ерекшелігі бар?
Бекасыл: Осыған дейінгі бүркіттерім бұлай өнер көрсетпеген. Осы бүркітімнің арқасында көтеріліп жүрмін. Бұл бүркіттің басқаларынан ерекшелігі – түскен аңын бірден тұмсығынан алады.
Массагет: Қазір 6-сыныпта оқисың. Сабақпен қатар құс баптау саған қиын емес пе?
Бекасыл: Қиын емес. Қиналған кезде әкем мен ағаларым көмектесіп, үйретеді.
Массагет: Болашақта кім болғың келеді?
Бекасыл: Аталарым секілді атақты бүркітші болғым келеді.
Бекасыл: Маған атам жол көрсетті. Көзі тірісінде, ителгі ұстап, томаға жасап берген. Содан соң, бұл өнерді тастап кету – маған сын.
Массагет: Осы өнердегі мақсатың қандай?
Бекасыл: Көптеген жарыста орын алсам деген ниеттемін (күліп). Негізгі мақсатым: ата жолын жалғастыру. "Құсбегілік деген киелі өнер. Ғұмырыңды киелі өнерге арнасаң, бақ қонады" деуші еді атам. Мақсатымның осындай болуына атамның сөзі де, өмір жолы да әсер еткен болу керек.
Массагет: Сұқбатыңа рақмет, Бекасыл! Мақсатыңа жетуге Массагет порталы тілектес.