Сабаққа қызықпауымыздың себебі неде?

Мектеп бізді үлкен өмірге дайындап, әр салада алғашқы тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Алғаш рет қоғаммен тығыз байланыста болып, өзгелердің пікірін ескеруді үйретеді. Ең бастысы, болашағымыздың жарқын болуын қамтамасыз ететін білім нәрімен сусындатады. Оқушы кезімізде мұның барлығын ескермей сабақтан көп қаламыз. Тек баға үшін ғана оқуға дағдыланамыз. Кейде, расымен де, сабаққа деген қызығушылығымыз өте төмен болады. Мұның себебі неде екен?

Деңгейімізге сай келмейтін мектеп

Ата-анамыз біздің мүмкіндіктерімізді ескерместен дарынды оқушыларға арналған мектепте оқытады. Есейген шағымызда ата-анамыздың бұл таңдауын құп көреміз. Өзіміздің білім деңгейіміз төмен екенін біле тұра қатарластарымыздан артылғымыз келеді. Жекеменшік немесе гимназия мектебінде білім алатынымызға мақтануды ұнатамыз. Әрине, барлығына топырақ шашпаймыз. Өйткені кей оқушы, расымен де, өз деңгейін көтергісі келіп, сапалы білім беретін мектепте оқуға шешім қабылдайды. Алайда дарынды балаларға арналған мектептегі қиын тапсырмаларды орындай алмай сабаққа деген қызығушылығыңыз төмендеуі мүмкін. 

Сабақтан қалу

Оқу жылында бірде-бір сабақты жібермей баратын оқушы болмайтын шығар. Ол үйде бала бағып қалумен, созылмалы аурумен байлансты болуы мүмкін. Мұның түрлі себебі бар десек те болады. Ұстаз өткен жаңа тақырыпты түсінбей қаламыз. Осының салдарынын келесі тақырыпты меңгеруіміз қиындайды. Бастауыш сыныпты бітірген соң да осы үрдіс байқалады. Ұстазымыздың жылы сөздеріне үйреніп, бізге барынша түсіністікпен қарайтынына дағдыланамыз. Ал жоғарғы сыныпта мұғалім көп оқушыны есінде сақтай бермейтіндіктен, өзге оқушылармен жарысып оқуымызға тура келеді. Мұндайда репититорлардың көмегіне жүгінгеніңіз жөн.

Еркелеу

Бала мектеп ережесіне үйрене алмаған кезде де осындай жағдай болады. Біріміз – бір үйдің кенжесі, екіншіміз – еркесіміз. Ата-әжеміз бен әке-шешеміздің маңдайымыздан сүйіп, айтқан қалауымызды орындай беретіндігіне әбден дағдыланып аламыз. Мектептегі ұстаздардан да осындай қарым-қатынасты күтеміз. Ал олар өз кезегінде алдына келген әр оқушыға индивидуалдық қарым-қатынас таныта алмайды. Мектеп ережесі бәріне ортақ. Мұндайда ата-анамыздың қатал тәрбиесі ғана көмектесе алады. 

Ал Сіз бұдан өзге қандай себептерді білесіз?

Сурет: nis.edu.kz