- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Сабаққа қызықпауымыздың себебі...
Сабаққа қызықпауымыздың себебі неде? #2
Мектеп бізді үлкен өмірге дайындап, әр салада алғашқы тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Алғаш рет қоғаммен тығыз байланыста болып, өзгелердің пікірін ескеруді үйретеді. Ең бастысы, болашағымыздың жарқын болуын қамтамасыз ететін білім нәрімен сусындатады. Оқушы кезімізде мұның барлығын ескермей сабақтан көп қаламыз. Тек баға үшін ғана оқуға дағдыланамыз. Кейде, расымен де, сабаққа деген қызығушылығымыз өте төмен болады. Мұның себебі неде екен?
Кикілжің
Әдетте ұстазымызбен, сыныптастарымызбен ренжісіп қалған кезде, сан түрлі жағымсыз ойдың жетегінде жүреміз. Хан қызынан да қателік кетеді демекші, барлығымыз мінсіз емеспіз. Аңдамай сөйлеп, салдары жаман болып жатады. Ренжіскен адамдарымызбен күнде жүздесетіндіктен, татуласуға тырысқанымыз жөн. Тіпті болмаса, мектеп ауыстыруымызға тура келеді. Бірақ жаңа мектепте де бізді құшақ жая қарсы алмауы мүмкін екенін біліңіз.
Орынсыз талап
Ата-анамыздың бізге талапты тым жоғары қоятын кездері болады. Бала ата-анаға қарап тәрбие алатыны анық. Алайда бұл біз де олар секілді білімді боламыз деген сөз емес. Оның үстіне олардың заманында мектеп бағдарламасы оңай болатын. Әрине, бұл жерде ата-анаңызға қарсы жауап қайтарып, олардың басқа заманда білім алғанын айту керек демейміз. Бар болғаны жоғары талапқа сай келеміз деп денсаулығымызға зақым келтіруіміз мүмкін екенін ескерткіміз келеді. Мүмкін спортта жетістіктерге жетіп, биді жақсы билейтін шығарсыз?
Сын айту
Ата-анамыз бізге сынды жиі айтып отырады. Барлық ата-ана өз баласын қатты жақсы көреді. Ол үшін әлемнің бар асылын құрбан етуге дайын тұрады. Мұнымен қатар, болашақта еліне пайдасы тиер, биік шыңнан көрінетін азамат болып өссе екен деп армандайды. Осы арманының жетегінде жүріп, бізге сын айтады. Өзге балалармен салыстырады. Біз мұның барлығын өзімізді жақсы көрмейді деп қабылдаймыз. Есіңізде болсын! Әр ата-ана өз перзентін жақсы көреді.
Ал Сіз сабақ оқымауымыздың тағы қандай себептерін білесіз?
Сурет: nis.edu.kz
Қ. Бүйенбай