- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Сабақ оқығыңыз келмей...
Сабақ оқығыңыз келмей ме?
Сіздің сабақ үлгеріміңіз өте жақсы болса, бұл сұрақ сізді шошытуы мүмкін, демек сізге қатысы жоқ. Ал егер кейде мектепке үй тапсырмаларын орындамай баратын болсаңыз, бір сәт себебін ойлап көріңізші. Сізге өте жақсы оқушы болуға не кедергі келтіреді? Сонымен, сіз тапсырма орындай бастайсыз:
- бұл сізге іш пыстырарлық нәрсе болып көрінеді;
- сіздің басқа да қызығушылықтарыңыз бар (үйірмеге, студияға, спортпен шұғылдануға барасыз). Сол істерден қолыңыз босамайды;
- ерінесіз;
- бәрібір қолымнан келмейді деп ойлайсыз;
- бірнеше сабақ қалдырып алған себепті түсінбей қалдыңыз;
- сізге үй тапсырмасын орындауға ешкім көмектеспейді және тексермейді;
- үйіңізде сабаққа қарайтындай мүмкіншілік жоқ (отбасы мәселесі т.б.);
Көрсетілген тізімнен өзіңізге сәйкес келетіндерін анықтап алыңыз.
Ал енді сіз көрсеткен жағдайлар сабақты орындамай, біліміңізді ұштамай, қанатын кескен құстай болып қалуыңызға тұрарлық себеп пе, жоқ па, сарапқа салып көрейік.
Егер жай ғана еріншектігіңіз, жалқаулығыңыз ұстағаннан, орындауға құлқыңыз болмағандықтан орындамай жүрсеңіз, бұл – сыныққа табылған сылтау. Тек кішкентай сәбилер ғана «қалаймын-қаламаймын» деген ұстаныммен өмір сүреді. Ал сіз балабақшаның бөбегі емессіз ғой. Жауапкершілігі бар, үлкен адамсыз. Үнемі екілік алып, ата-ананы ренжіте бергенше, күнделігіңіз жақсы бағаларға толып, мақтау естіп жүргеніңіз өзіңізге де жақсы.
Егер сіз өзіңізден түк шықпайды, қолыңыздан дым келмейді деген оймен сабаққа қолыңызды бір сілтеген болсаңыз, біліп қойыңыз, бұл – жалқаудың сөзі ғана. Ал сіз өзіңізді осал дегенді қайдан шығардыңыз? Ешкімнен де кем емессіз, сәл тырыссаңыз, бәрі де оңалады, міндетті түрде жетістікке жетесіз. Қазір-ақ қағаз бен қалам алып жазып көріңізші, қаншама жетістігіңіз бар екен.
Егер сізде үй жағдайында оқуға мүмкіндік болмаса не сабақ қалдырған болсаңыз, мұғалімнің не сыныптас достарыңыздың жәрдеміне жүгініңіз. Олар сізге қол ұшын созбай қалмайды. Мұнымен жасымаңыз, дер кезінде өткенді қайтарсаңыз, олқылықтың орны толады.
Ал егер сізді ешкім қадағаламаған себепті сабақ оқымай жүрген болсаңыз, өзіңізді қолға алыңыз. Өз-өзіңізді дамыта алатын жасқа жеткеніңізді түсінетін кез келді. Сіз енді ересек адам қатарына жатасыз ғой. Сіздің оқыған-тоқығаныңыз анаңыз не әжеңізге керек емес, болашақта құрметке лайықты білімді болып, қазірден бастап ұстаздарыңыз бен сыныптастарыңыз алдында сыйыңыз жоғары, кеудеңіз тік болуы үшін қажет.
Егер күнделігіңізге екілік түсе бастауы уақытыңыздың жетіспеушілігінен болса, күніңізді жоспарлап, қалай үйлестіруді ойластырыңыз. Егер мектеп қабырғасында спорттық секцияға не үйірмеге қатысатын болсаңыз, уақытыңызды ыңғайлауды ата-анаңызбен ақылдасып шешіңіз. Сабақ пен үйірменің біреуін құрбан ету керек болған жағдайда, жан қалауыңызға құлақ қойыңыз. Не болса да ештеңе оқудан артық болмас.
@. @assel_assanova