2016 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан тарихынан XІ республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасының қорытынды кезеңі басталады.
Айта кету керек, олимпиаданың негізгі мақсаты оқушылардың Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттырып, өз бетінше жұмыс жасау дағдылары мен алған білімін қолдану, іскерліктерін қалыптастыру, патриоттық сезімдерін жетілдіру болып табылады.
Биылғы «Тарих ата» білім додасы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Олимпиаданың алғашқы қашықтық турына Қазақстанның барлық өңірлерінен 1624 оқушы қатысты. Ол кезеңнен 148 жеңімпаз анықталып, олимпиаданың қорытынды кезеңіне шақырылды.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2016 жылдың 20 сәуір күні сағат 10.00-де Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің акт залында өтеді (Янушкевич көшесі, 6).
Білім додасында 5-10-сынып оқушылары алдымен Қазақстан тарихынан тест тапсырмаларын орындайды. Содан соң, 8-10-сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы бойынша өзекті тақырыптарға эссе жазып жарысады.
Сонымен қатар, олимпиада бағдарламасында қатысушылардың жетекшілеріне, яғни тарих пәнінің мұғалімдеріне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылары «Ұлт тарихының оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізіліп, сертификат табысталады.
Осы жылғы олимпиаданың ерекшелігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасымен бірлесіп өткізілуінде. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев туралы деректі фильмді тамашалап, Кітапхананы аралап, «Әлемді өзгертетін идеялар» интерактивті білім беру кешені арқылы Елбасының идеяларымен және бастамаларымен жақынырақ таныспақ. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяғанмен кездесу ұйымдастырылмақ. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген олимпиада қатысушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайын аралап тамашалайды.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі 2016 жылдың 21 сәуір күні сағат 16.00-де Назарбаев орталығында орналасқан Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасының кітапханасында өтеді. Оған аталған кітапхана директорының міндетін атқарушы Б.К.Жұмабеков қатысады.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дәрежелі дипломдары, грамоталармен және олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындаған қатысушы- мұғалімдерге «Алғыс хаттар» беріліп, «Ойлар мен жылдар» және «Біздің Президент» кітаптары табыс етіледі.
Шараның жабылу рәсіміне тілшілер, операторлар және техника туралы ақпарат беру қажет.
Қосымша ақпарат мына мекен-жай бойынша:
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы
Астана қаласы, Республика даңғылы 34а, «Нур Тау» ІО
8 (7172) 29-51-59, 8701-426-0404 С.Х. Хафизова