Республикада бірыңғай мектеп формасы міндеттелмейді

Мектеп оқушыларына жаппай бір үлгіде киіну туралы талап қойылмайды. Білім және ғылым министрлігінің сайтында мектеп формасына қатысты осындай түсініктеме берілген.

Мәлімдемеде "Соңғы уақытта жұртшылық тарапынан міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар жөнінде түсініктеме беру туралы сұраныстар жиі түсіп жатыр. Қызығушылық танытқан азаматтар міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар белгіленген құжатпен «Әділет» нормативті құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінің беттерінде таныса алады" делінген.

Мектеп формасын енгізу мерзімін білім беру ұйымдары дербес белгілейді. Мысалы мектеп формасын жаңа оқу жылынан енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс. Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады.

Ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін таңдай алады. Ата-ананың міндеті – баланы оқу жылы басталғанша мектепте бекітілген форма үлгісі мен түсіне сәйкес киіммен қамтамасыз ету. Мектеп басшылығының форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ.

Білім беру ұйымдарының басшылығы мен мұғалімдерінің ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинауына жол берілмеуі тиіс. Мектеп кеңесі (ата-аналар комитеті) аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен "Мектепке жол" акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен тегін қамтамасыз етеді. Әр оқу мекемесі өзінің дербес мектеп формасын таңдай алады. Республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген.

edu.gov.kz