- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Павлодарлық оқушы Мәскеуде...
Павлодарлық оқушы Мәскеуде өткен байқауда жеңіске жетті
Павлодарлық мектеп оқушысы математика пәнінен Мәскеуде өткен халықаралық байқауда жеңіске жетті.
Аружан Нәжімеден халықаралық "Математика және жобалау" ғылыми байқауында "Maтематика әлемі" аталымы бойынша жеңіп, алтын медаль иеленді. Қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы қазылар алқасына өзі ойлап тапқан жай сандарды іздеуге арналған формуласымен таныстырды. Оқушының айтуынша, бұл ғылыми жобаны ол осыдан бір жыл бұрын бастаған екен.
"Жай сандардың жалпы түрі болмайды. Мен өзімнің жұмысымда сандардың жүйелілігін тапқым келді. Жай сандардың көбейтіндісіне бірліктерді қосып, соның ішінен жүз белгіден тұратын санды таптым. Сонымен қатар, мен тапқан сан жай сандардың қатарына кіреді",– деді Аружан Нәжімеден.
Павлодарлық оқушыға басқа қатысушылармен бәсекелесу оңайға түспеді. "Бұл жылы байқаудың шарттары қатаң болды. Іріктеуге мыңнан аса оқушы қатысып, екі жүз оқушы ғана байқауға жіберілді. Мен жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ мен еңбегімнің ақталғанын көріп отырмын", – деді оқушы шаттана.
Павлодарлық оқушының жұмысы ғалымдарға қолданбалы математиканы зерттеуде қажет болуы мүмкін. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның құндылығы – автордың өз бетімен еңбектеніп, осы нәтижеге жетуі. Байқауға қатысқан лицей оқушысы енді ҰБТ тапсырудан босатылады.
X Халықаралық "Математика және жобалау" ғылыми байқауы Мәскеуде 30 сәуір мен 4 мамыр аралығынды өткен болатын. Байқауға Ресей, Болгария, Беларусь, Қазақстан елдерінен 250 оқушы қатысты. Павлодар қаласынан алты оқушы қатысып, олардың екеуі Әутәліп Хасенов пен Адина Алдабергенова байқаудың дипломанты атанды.
Дереккөз: tengrinews.kz
Г. Берік