- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Өзіндік жұмыс –...
Өзіндік жұмыс – оқушы білімінің айнасы
«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан-жаңаны табатын өнер» - дейді Жүсіпбек Аймауытов. Қазіргі таңда бала зейінін сабаққа аудару үлкен педагогикалық шеберлік пен асқан ізденісті, жаңашылдықты, тапқырлықты, әмбебаптылықты талап етеді. Әрбір ұстаздың басты міндеті – ең озық әдіс-тәсілдер арқылы сабағын қызықты өткізу, белгілі бір нәтижеге бағыттау. Білім алу - адам өміріндегі үлкен қажеттілік екені даусыз. Білім арқылы оқушының мәдениеті артады, дүниетанымы кеңейеді, өзі үшін құпия болған сауалдардың жауабын табады. Оқушының осындай қажеттіліктерін қанаттандыру сабақ барысы мен сабақтан тыс уақыттағы тапсырмаларға, жаттығу жұмыстарына байланысты болады. Жүйелі жүргізілуі тиіс тапсырмалардың ішінде өзіндік жұмыстың маңызы зор.
Өзіндік жұмыс – сабақ үстінде алған білімді мұғалімнің көмегімен және оның бақылауымен , алайда мұғалімнің қатысынсыз орындалуы тиіс жұмыс. Өзіндік жұмыстың мақсаты – оқушының
танымдық міндеттерін қалыптастырып, шығармашылық қабілеті мен қызығушылығын дамыту, білімге құштарлығын ояту болып табылады. Өзіндік жұмыс нәтижесі – оқушы білімінің айнасы іспеттес. Себебі өзіндік жұмыс жасай отырып оқушы өз білімінің қаншалықты дәрежеде екенін танытады. Ұстаз алдында отырған дарынды, тапқыр, сөзге шорқақ, қолдауды қажет ететін, есте сақтауы төмен, қабылдауы тез оқушылардың танымдық құзіреттілігін дамыту үшін әр балаға жеке өзіндік жұмыс түрлерін жүргізуі тиіс. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілі сабағында жүргізілетін өзіндік жұмыс – оқушының болашақта жіберуі мүмкін қателіктерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Оқушы бойындағы сауаттылық, ойын жүйелі әрі нақты жеткізу бастауыш сыныптарда қалыптасады, сондықтан оқушының шамасы жететіндей, танымын арттыратындай, шығармашылыққа баулитындай тапсырмалар ұйымдастыру керек.
Алдымен қай оқушымен қандай өзіндік жұмыс түрлерін жүргізу тиіс екендігіне сараптама жасап алған жөн. Ол үшін бастауыш сынып оқушыларының сауатын анықтау, грамматикалық тақырыптарды меңгергенін тексеру жұмыстары, тыныс белгілерінің орнын білуі, мазмұндама жазу қабілетін тексеруге арналған сынақ жұмыстарын жүргізген тиімді. Аталған жұмыстардан кейін мұғалім өзіндік жұмыстың жоспарын жасап, баланың дүниетанымын, тілдік дағдысын, оқу сауаттылығын сатылай отырып дамытады.
Өзіндік жұмыс түрлерінің ішінде шағын әңгіме құрастыру оқушы қабілетін танытатын бірден-бір тапсырма деп ойлаймын. Қазақ тілі сабағы - болашақ жазушылар мен тілшілерді тәрбиелейтін пән. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны бойынша 2-3 сынып оқушыларына:
- мәтін бойынша өз пікірін білдіре алуы;
- мәтіндердің жанрлық ерекшеліктерін анықтауы;
- мәтін бойынша сұрақтар құрастыруы;
- мәтіннің жалғасын болжап жазу;
- тыңдаған, оқыған, көрген материалдар бойынша шағын әңгімелер құрастыру сияқты талаптар қойылып отыр. Сонымен қатар, өз өмірбаянын, өтініш, хабарландыру
жазу, күнделік жүргізу тапсырмалары да бар. Бұл тапсырмаларды орындау бір сабақ көлеміне сыймайды, сондықтан оқушыларға түрлі газет-журналдардан материалдар жинауды тапсыруға болады. Тапқан мәліметтеріне сүйене отырып, өздері де өтініш, хабарландыру, өмірбаян, күнделік жаза алады. Өзіндік жұмыс барысында жобалық жұмыстарды тапсыру да өз жемісін береді. Жобалық жұмыстар арқылы оқушылар бірігіп істің шешімін табуға, шешім қабылдауға, жан-жақты ізденуге дағдыланады. Бұндай тапсырмалар оқушының өмірмен байланысын арттырады, шығармашылық ізденіске жетелейді.
Бастауыш сынып оқушыларының сауаттылығын көтеру, тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатында «Есте сақтау диктантын» ұйымдастыруға болады. Оқушыларға аудиожазбадан мәтінді бір
рет тыңдатып, тірек сөздерді тапқызу, оны тақтаға жазып қою керек. Тірек сөздерді бірнеше рет қайталатып, мәтінді тағы бір рет тыңдатасыз. Оқушы мұғалімнің қатысуынсыз тыңдаған мәтін бойынша диктант жазып шығады. Бұл тапсырма оқушының сауатын тексеруге, тірек сөздерді табуға, мәтіннің мазмұнын меңгеруге, сөйлем құрылымын дұрыс сақтап жазуға, есте сақтау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Бір тапсырма арқылы бірнеше оқу мақсатын баланың қаншалықты меңгергенін байқауға болады.
Баланың шығармашылығы есту, көру арқылы дамитыны белгілі. Сондықтан дайын мультфильмдер, бейнежазбалар, аудиожазбалардың қорын дайындап қойған тиімді. Өтілетін тақырыптарға сәйкес бір материалды барлық оқушыға көруге, тыңдауға үйге тапсырма беріңіз. Осы мәліметтерді есте сақтай отырып, әңгіме жазуды тапсырыңыз. Бірдей бейнежазбаны көрген оқушылар бір-біріне пікір білдіре алады. Пікірді ауызша айтуды дағдыға айналдырғаннан кейін, жазбаша жазуға тапсыруға болады. Бұл тапсырма оқушының танымын, ой жүйелілігін, шығармашылығын дамытады. Шығармашылық тапсырмалар бергеннен кейін ынталандыру шараларын да ұйымдастыру керек. Бұл кейінгі сабақтардың жемісті болуына ықпал етеді.
Ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында телефон, компьютерді пайдаланбайтын оқушы кемде –кем шығар. Оқушылардың бір бөлім бойынша жинаған білімдерін тест тапсырмалары арқылы анықтауға
болады. Ол үшін мұғалім алдын ала тест тапсырмаларын компьютерде дайындап, дұрыс жауаптарды белгілеп, оқушылардың аты-жөнін енгізуі тиіс. Оқушыларға смартфондары арқылы берілген тестті шешу тапсырылады, оқушылар өз нәтижелерін бірден экраннан көре алады. Ақпараттық технологиялар арқылы мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады:
* сәйкестендіру тапсырмалары;
* сұрақтардың жауабын табу тапсырмалары;
* түрлі ақпараттарды іздеу тапсырмалары;
* тест тапсырмалары.
Қазақ тілі сабағында грамматикалық тапсырмалардың орны ерекше. Оқушылар сөз құрамына талдау, сөйлем мүшесіне талдау, сөз таптарына талдауды меңгеруі тиіс. Талдау жұмыстарын ұйымдастыру алғашында сызба, дайын графикалық кестелер арқылы жүргізілсе, кейін толық мәтін ішіндегі сөйлемдерді талдатуға болады. Семантикалық карта, түрлі карточкаларға деңгейлік тапсырмалар жазып, әр оқушыға таратып беріңіз.
Бұл жұмыс арқылы оқушылардың қазақ тілінің грамматикасын қаншалықты меңгергенін анықтай аласыз.
Қорыта келгенде, жүйелі жүргізілген өзіндік жұмыс – болашақ ұрпақтың өмірде өз орнын, қарым-қабілетін, өзіндік табиғатын, болмысын қалыптастыруға, бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін іс-әрекет.
Толыбай Тоғжан
Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Халықаралық бизнес университетінің магистрі.