Кішкентай сумкасымен бірге таудай тағдырын арқалаған оқушыларды көргенде мектеп кезіміздегі бақытты жылдарымыздың есімізге түсетіні хақ. Балғын балалық шақтың қызықты кездерінің қадірін уақыт өте бәрі өзгерген соң түсініп жатамыз. Сонымен қатар, ата-анамызбен «кимеймін» деп әлек салатын бірыңғай мектеп формасын да еске аламыз. Қазір ойласақ, киюге аса бір қиындығы жоқ, керісінше, есейген соң қол жетпейтін ғасыл дүние екен. Ал бұл заңдылық барлық әлем еліне тән. Олай болса, олардың мектеп формаларының тарихына қысқаша тоқталып кетейік.
Англияның мектеп формасы
Англия ерте дамыған елдердің бірі болып саналады. Бұлай деуімізге себеп болып отырған жағдай – елдің мектеп формасы, сонау Генрий VIII патшаның кезінде, анығырақ, XVI ғасырда пайда болған. Киім әскери форма негізінде жасалған. Сол кезде ұзын жамылғы арзан бағалы көк түсті матадан тігілген. Бұл мектеп формасын «Иса Госпиталі» мектебі алғашқы болып енгізген. Қазіргі таңда оқушыларға бұл – үлкен мақтаныш. Олардың дизайны 450 жыл аралығында өзгермеген. Бұл киім үлгісімен қатар, тек XX ғасырда ғана мектеп сарафаны пайда бола бастаған екен. 1950 жылға дейін орта білімді алу қолжетімді болған соң, Англияда мектеп формасына өзгерістер еніп жатты. Бүгінде, Англияда мектеп оқушылары өздері қалаған киім үлгілерін таңдап ала алады. Ағылшын үкіметі оқушылардың бірыңғай мектеп формасы ауызбіршілікті көрсетеді деп санайды.
Жапон елінің мектеп формасы
Күншығыс елінде мектеп формасы қамсыз балалықтың символы саналса да, оны бастауыш мектепке кию маңызды емес, ал орта және жоғарғы сыныптарда – міндетті. Киім үлгісі теңіз формасының стилін алған. ХІХ ғасырдың соңына қарай гакуран деп аталатын прусстық әскери форманы еске түсіретін ұлдарға арналған және теңізші формасының стиліндегі қыздарға арналған киім үлгісі енгізілген. Ал аяқ киімдері мен шұлықтары ұлттық нақышқа негізделген. Түстері де тек қара не қара-көк болуы тиіс. Қазіргі таңда, шынтуайтына келетін болсақ, көптеген елдің мектептері батыстың мектеп формасын негізге алып, дизайнды біржолата өзгерткен. Атап айтсақ, ұлдарға арналған нұсқасы шалбар, жейде, галстук, мектеп эмблемасымен тоқылған жемпірден құралса, қыздардікі тоқыма, шаршы өңді бүрмеленген белдемше, блузка, мектеп эмблемасы бар трикотаж жемпірлер және галстук, бант, мойын орамалдардан тұрады
Ресей және КСРО мектеп формасы
Ресей империясының мектеп формасы 1834 жылы қалыптасқан. Өзге елдердегідей, бұл киім үлгісі де, әскери форманы негізге алған. Гимназия оқушысының күнделікті мектеп формасы өзгелерден сәл басқаша болған. Бірақ, бұл мектеп формасында өзге елдердегідей салқын мерзімге арналған шинель мен күләпара (башлык) болмады. Бір қызығы, бас киімінде гимназия номері жазылуы міндетті болғанымен, оқушылар көшедегі бұзақы істерде танылмас үшін оны жасыруға тырысқан. Қыздарға арналған гимназияда кезектеп киетін қара және ақ түсті байлауыштары бар, ақ жағалы қоңыр көйлек мектеп формасы болып қабылданған. Оған қоса, мықынға жеткізбей иыққа жамылатын жамылғы, жеңқап, саман түсті қалпақша киген екен. 1920 жылдары мектеп формасы таптық ескілік болып саналды. «Гимназия оқушысы» деген атау кертартпа көзқарастарды қалыптастырып жатқан соң, ата-аналар балаларын сабаққа әдеттегідей киіндіріп жіберген. 1940 жылдың соңына қарай бастапқы мектеп формасы қайта енді. 1960 жылы сол дизайнды өзгертпеген пионер формасы шыға бастады. Қайта құрылу кезінде «фартукты көйлекті» костюмдерге алмастырды. Ұлдардың мектеп формасында 1960 жылы бас киімдер қолданыстан шығып, әскери формада тігілген сырт көйлек пенжакқа алмастырылып, өзгеріске енген екен. Одан соң, 1970 жылдары пенжактар бізге белгілі джинсы моделіндегі күртелерге алмасты.
Кей елдерде мектеп формасы тіптен міндетті емес. Бірақ, бір-бірімізге қағаздан тікұшақ жасап ойнайтын, қыздардың бұрымынан тартып ойнап, ескерту жазған күнделікті тығып қоятын мектеп шақтың тағы бір қызығы мектеп формасы екені – шындық.
Сурет: fh.kiev.ua, lafemmod.ru.