- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Өсетін бала өрге...
Өсетін бала өрге ұмтылады
Әсем ән – әрдайым адамзат жанын ғажайып әлемнің бесігінде әлдилейтін сырға толы сезімнің сұлу да сиқырлы сазы. Жер жүзіндегі тіршілік иесінің жансарайын сәулесімен жарқырататын әннің әрбір ырғағы көкіректегі көңіл теңізін тебірентіп, сезімнің тамырын тірілтетін құдіретке ие. Осынау таңғажайып өнерге ес білгеннен ғашық өнерлі өреннің бірі – Бектас Гилажов.
Қасиетті қазақ халқының тарихымен тамырлас, көшпенділердің салт-санасы мен әдет-ғұрпының сан сырының шежіресін шертетін әсерлі ән бүлдіршіннің жүрегіне бес жасында-ақ ұя салған. Өнерлі бала 1994 жылы 8 қарашада Атырау қаласында туылды. Төрт жасында мұнайлы қалаға көшіп келді. Содан бері «өнер десе ішке асын жерге қоюға» қашанда дайын тұрады.
Бүгінгі таңда политехникалық колледжде оқиын Бектастың кіршіксіз көңілі әрдайым жаныңды жаздай жадырататын сыңғырлы саздың сарынынан сая табады. Бес жасынан бастап «Атамекен» әнінің әуеніне қосылып ән шырқай бастаған талантты өнерпаз қазір мереке күндері сахнадан түспейтін қаламыздың мерейлі мақтанышы. Бектас Аронұлы 2008 жылы Абай оқуларының 3-орын, 2009 жылы «Жаңаөзен жұлдыздары» сайысында 1-орын, 2010 жылы «Желтоқсан желі» ақындар мүшәйрасында 2 орынды иеленген. Талапты әнші сахна төрінен самұрықтай самғаған әдемі әнімен асқар таудай ата-анасын қуанышқа кенелтіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Қазақтың жауһар жырларын жатқа білетін күміскөмей жас әншінің қоржынында онға жуық ән және бір клипі бар. Өнердегі ұстазы Махбуза Шоманова екен.
Ұрпақтан-ұрпаққа рухани құнды қазынадай мәңгілік мирас болған халық әндерін болашақта жер жүзіне насихаттау –жас әнші Бектастың жас көңіл айдынында мәпелеген ақ арманы. Бұлбұл үнімен, әсем әнімен жан-жағына әрқашан нұр шашатын Бектасты келешекте Алаштың дархан даласының мұңы мен үнін күллі әлемнің жүрегіне жеткізсем деген мақсаты үнемі алға жетелейді.
Хакім Абай бабамыз айтқандай, қазақ елінің болашағының бір кірпіші болып қаланып, бағзы бабалардан аманат болған халықтың мәдени мұрасын болашаққа жеткізу – адамдық борышым деп біледі. Өнердегі ақылшы ұстазы, рухани қолдаушысы Абзал Жұматов. Өнерлі өрен қалада өтетін әртүрлі шараларғақатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бектас қазіргі уақытта қалалық бөлімінде қызмет атқаруда.
Құшақ жайған жарқын болашақта әлемнің әйгілі сахналарынан қазақ әндерін шырқай бергейсің, өнер әлемінде өрге жүзіп, қанатың талмағай! Болашағы бар жас әншіге бақытты келешек тілейміз!
Автор: Гүлмира БЕРДАУЛЕТ
Ж. Исакаев