Оқушыға білімнің қаншалықты маңызды екенін түсіндіре алмаған жағдайда, белдікпен ұрғанымыз жөн бе? Әлде бұрышқа қойып жазалаймыз ба? Ал осылардың өзі қаншалықты дұрыс?
Осыған дейін қарындастарымыз бен бауырларымыздың сабаққа қызықпауы туралы көп пікір жазылған еді. Марсель Балтабай есімді қолданушымыз да өзінің қарындасы туралы жазып, оны сабаққа қызықтырудың амалын ұсынуды сұраған екен. Төмендегі кеңестеріміздің пайдасы тиер деген ойдамыз.
1. Шектеудің де шегі бар. Баласының әрбір қадамын аңдуды ұнататын ата-аналар үнемі бір іске міндеттеп көндіреді. Баласының пікірімен мүлдем дерлік санаспайды. Өздері де осы тәртіппен өскендіктен, аталған тәсілді құп көреді. Кішінің үлкеннің алдында ойланбастан бас игенін қалайды. Өкінішке орай, бұл тәсілге көбіміз жүгінеміз. Бірде босаңсытып жіберсек, келесіде қатаң бақылауға аламыз. Ең бастысы, баламен байланыс орнату екенін ұмытпаңыз. Оған жөнсіз шектеулер қою арқылы арамыз суып кетуі мүмкін. Сол себепті шектеу қойған кезде оған себебін түсіндіріп отырыңыз.
2. Өмірге басқа көзқараспен қарау. Баланы үлкен іске жетелеу үшін, таңқалдыруымыз керек. Артынша көкейінде арманы пайда болады. Мысалы, ерекше бір нәрсе көрсек, «Мәссаған, ана көбелектің әдемілігіне қарашы!», «Мынау неткен қызық еді?!» сынды сөздерді жиі қолданғанымыз жөн. Бала жастайынан әр нәрсеге қызығымпаз келеді. Сол қызығушылығын жоғалтпауға тырысайық.
3. Сезімге ерік беріңіз. Дұрыс жолдан тайып кетпес үшін, баланың көңіл күйін бақылаңыз. Мұңайғанда «Сенің көңіл күйің болмай тұрғанын көріп тұрмын. Бір нәрсе болды ма?», «Мен сені түсінемін. Сен қолыңнан келгеннің барлығын жасаған сияқтысың», ал қуанған кезінде «Кәне, мақтанып жіберші! Бүгін тау мен тасты қопарған секілдісің ғой» деп айтуды ұмытпаңыз.
4. Өкінішіңізді жасырмаңыз. Баланы үнемі мақтай беретін болсақ, есейе келе өзін әлемнің патшасындай сезінуі мүмкін. Яғни дөрекі мінез танытып, айналасындағыларға көтеріңкі дауыспен сөйлеп сүйкімі кетеді. Ауыр сөздер айтса, бірден ренжіп, күйзеліске түседі. Сол себепті «Мен сенен көп жетістік күткен едім... Кейде тапсырмаға айтарлықтай көп уақыт бөлуіміз керек», «Сен үшін ең қиыны не болды?», «Ары қарай қызық болатын сияқты» сынды сөздер айтып отырыңыз.
5. Осы секілді мақтауды да ұмытпағанымыз жөн. Бұған дейінгі жетістіктерін есіне салып, игі істерге бағыттаңыз. Бұл сөздеріңіз қуаныш сыйлап қана қоймай, оған жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі. «Маған сен ұсынған идея қатты ұнады», «Жарайсың, бұл өте дұрыс шешім!», «Ақылға салып шешкеніңе қуаныштымын», «Мұны қалай жасағаныңды көрсетші», «Жасауды маған да үйретші» сынды қарапайым сөздер айтыңыз.
6. Баланың мүмкіндіктерін білу үшін, IQ деңгейін өлшеп, түрлі тестілеуден өткізгеніңіз жөн. Артынша нәтижесіне сай дұрыс әрекеттер жасай аласыз.
7. Жалған мотивация. Шындығында, балаларды ата-анасы үшін оқытуға мәжбүрлейтін өзіміз. Десе де осы мүмкіндікті пайдаланып, оларға білімнің жарқын болашақ үшін қажет болатындығын айтқанымыз жөн.
Сурет: Massaget.kz