Оқу жылының басында ұстаздар оқушыларды партаға дұрыс отырғызу туралы көп ойланады. Бұл мәселе жыл сайын қиындай түседі. Мұнымен қатар, ата-аналар баласын алдыңғы партаға отырғызуға өтініш білдіреді. Бұл өтініштерін баласының көзі жақсы көрмейтіндігімен немесе бұзық тәртібімен түсіндіреді. Ал алдыңғы қатарға тек 6 оқушыны ғана отырғыза аламыз. Аталған қиындықтың шешімін мектеп психологтары мен ұстаздар біріге отырып тапты. Оның сіздерге де пайдасы тиер деген ойдамыз.
Мақсатымыз:
♦ оқушыларды индивидке және ұжымға қатысты құндылықтарды қадірлеуге үйрету;
♦ сыныпта өз орнын өзінің таңдауына көмектесу;
♦ оқушыларды дұрыс орынға отырғызу үшін денсаулығы мен қабілетін ескеру.
Керекті құрал-жабдықтар:
♦ «киндер сыйлықтардың» ыдысы. Олардың саны сыныптағы оқушы санымен бірдей болуы тиіс;
♦ бос екі қорап;
♦ қатар, парта және нұсқа жазылған қағаздар;
♦ түрлі түсті фломастерлер;
♦ тақтаға жабыстырып қоюға арналған ватман қағазы.
Сергітуге арналған жаттығу
♦ Оқушыларға жан-жақтарын мұқият бақылап, өздері отырғысы келген партаның жанына тұруға ұсынылады.
♦ Бүгінгі сабақтың мақсаты оқушыларды партаға дұрыс отырғызу екенін түсіндіру керек.
Мектеп дәрігері өз кезегінде оқушылардың орнын тоқсан сайын ауыстыруға кеңес береді. Себебі, әр кез қатардың соңында отырған оқушының көру қабілеті нашарлайды. Бір орынға бірнеше үміткер бар екенін балалардың өзі де байқай бастайды. Керісінше кейбір орынға ешкім де жақындамауы мүмкін. Балалардың орынды не себепті таңдағандарын талқылау барысында анықтауға болады.
Алғашқы партаға отырғысы келетіндер, бұл әрекеттерін келесідегідей түсіндіреді:
♦ тақтадағыны жақсы көріп, ұстаздың айтқанын дұрыс есту;
♦ тыныш отыру үшін;
♦ ұстазға жақын болу үшін.
Ал қатардың соңғы партасында отыруды жөн көретіндер «Апай көп сабақ сұрамаса екен деймін» сынды сылтаулар айтады.
Артынша оқушыларға жол табуға көмектесу мақсатында сұрақ қойылады:
- Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек?
Балалар мәселені тереңінен талқылап, бірінші партаға отыруы тиіс оқушыларды өздері ұсынады. Және бұл әрекеттерін құлағы дұрыс естімейді, көзі дұрыс көрмейді, бойы қысқа деп түсіндіреді.
Осыдан кейін ұстаз алдыңға партаға шын мәнінде «кемістігі» бар оқушыларды отырғызатындығын, отырғызу барысында дәрігер берген анықтаманы ескеретіндігін айтады.
Енді келесі сұрақ қойылады:
- Өзге оқушылар ренжімес үшін оларды қалай отырғызған жөн?
Бұл сұрақтың жауабын бірнеше тәсіл арқылы табуға болады:
♦ ұстаздың шешімі;
♦ жеребенің көмегі;
♦ жарыс нәтижесі бойынша (кім қалаған орнына бірінші болып жетеді);
♦ оқушылардың қалауы бойынша;
♦ ойын нәтижесі бойынша: оқушылар көздерін жұмып, өздеріне дос таңдап, артынша сол досымен бірге бір партаға отырады және т.б.
Ұстаз қалған оқушыларға параталасын жеребенің көмегімен табуды ұсынады. 5-6 сынып оқушылары бұл тәсілді дұрыс қабылдайды. Ал 7-8 сыныптарға «оқушылардың қалауы бойынша» тәсілін пайдаланған жөн. Осы тәсілге сәйкес оқушылар ұстазымен келісімге келуі тиіс. Мұнымен қатар, келісім-шартта сабақ барысында сақталуы тиіс ережелер мен оларды бұзған жағдайда не болатындығы жазылғаны жөн. Мұндайды ұстаздың мектеп психологымен бірге өткізгені дұрыс.
Ал оқушыларды жеребенің көмегімен отырғызу тәсілі келесідегідей жүзеге асады. Ұстаз:
- Келесі ойынның көмегімен қалған оқушылар өздеріне орын табады. Менің қолымда екі қорап бар. Қыздар бірінші жаныма келіп, бір-бір «киндер сыйлықтан» алады, артынша ұлдар да дәл осылай жасайды. Оның ішінде сіздердің орындарыңыздың шифрі жазылған қағаздар бар. Ол шифрді шешкен соң, орындарыңызға жайғасуларыңызға болады.
Қатардың, партаның және нұсқаның нөмірі киндер сыйлықтың ішіндегі қағазда жазылып тұрады. Мысалы, 2/3/2; 3/4/1. Ал шифрді шеше алмаған оқушыларға сыныптастарынан көмек сұрау ұсынылады.
- Барлығы өз орнын тапқан сияқты. Енді жан-жақтарыңызға мұқият қарап, дұрыс немесе дұрыс емес отырғандарыңыз туралы ойланып көріңіздер. Бойына, денсаулығына, тәртібіне назар аударыңыздар.
Кейбір балалар өзара келісіп, орындарын ауыстырады.
Артынша оқушыларға қол алысып, бір-бірін жаңа орындарымен құттықтау ұсынылады.
Тақтадағы ілініп тұрған ватманда сыныптағы парталардың суреті схема түрінде салынып тұрады. Оқушылар өз орындарына сәйкес өз есімдерін жазады. Осылайша оқушылар отыратын орындарының көңілінен шыққандықтарын білдіреді.
Ал Сізге сыныптағы орныңыз ұнай ма?
Сурет: ©Қанат Бейсекеев