Компьютерді екінің бірі меңгерген заманда оқушылардың түрлі ойынды қуана ойнайтыны анық. Алайда бейне ойындардың көмегімен оларға дұрыс тәрбие бере аламыз ба?
Нордаль Григ атындағы норвегиялық мектептің ұстаздары оқушыларға этика пәнін үйретудің ерекше әдісін ойлап тапты. Әдістемелік құрал ретінде "Xbox 360" пен "The Walking Dead" бейне ойындарын пайдалануды ұйғарған екен.
"Telltale Games" студиясы ойлап тапқан "The Walking Dead" ойынында өмірлерін сақтап қалуды мұрат еткен адамдар туралы айтылады. Бұл желі атақты комикстен алынған. Осы комикске сәйкес Фрэнк Дарабонт телехикая түсіруде. Ол осыған дейін Стивен Кингтың «Жасыл миля», «Шоушенктен қашу» сынды туындыларын экрандаған болатын.
Ойын телехикаядан ойыншының оқиға желісіне тікелей әсер ете алатынымен ерекшеленеді. Ерте ме, кеш пе интерактивті драмада моральдық таңдау жасауыңызға тура келеді. Дұрыс жауап біреу емес, бірнешеу. Мұнымен қатар, ойын барысында құрбандыққа шалуға тура келетін дүниелер өте көп. Ойыншының ойын барысында қиналатыны анық. Мысалы, зомбилер шабуыл жасаған кезде тобыңызда кімді құтқаратыныңызды таңдауыңыз керек болады. Екі адамның бірін таңдаған жағдайда, екіншісі міндетті түрде өледі. Ал қайтыс болған адамның жақтаушылары сізге ала көзімен қарап жүретін болады. Ойынның көп бөлігі осындай қиын тапсырмалардан құралған.
Мұғалім Тобиас Стааби "The Walking Dead" ойынының көмегімен жасөмпірімдердің өз ісі үшін жауапкершілікті сезінетінін айтады. Оқу үрдісі барысында бейне ойынды қолдану идеясын барлығы құптаған. Оқушылар ұстаздарының бұл ұсынысына қатты қуанған екен. Ерекше формада ұсынылған ақпараттың тез қабылданатынын барлығы біледі. Оқушылар кейіпкерлер арасындағы диалогты өздері құрастырып, кездейсоқ сюжеттік оқиғаларға тап болады. Бұл монотонды дәрістерді тыңдап отырудан әлдеқайда жақсы. Норвегиялық ұстаздың бастамасы өзге мемлекеттерге де таралуда.
Ал сіздің пәнді бейнеойынның көмегімен жүргізуге көзқарасыңыз қандай?