- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Оқушылар сабақты тұрып...
Оқушылар сабақты тұрып оқыса...
Ғалымдар оқушылардың семіздік ауруына шалдығуына байланысты әдеттегі парталардан бас тартуды ұсынады. Мұнымен қатар, кейінгі зерттеулер оқушы тұрып тұрған кезде, оның назары бір арнаға жинақталатындығын баяндайды. Яғни сабақты зейін қойып отырып тыңдайды. Бұдан өзге оқушылар тұрып сабақ оқу арқылы зейін белсенділігін 12%-ға дейін арттырып, әр тапсырманы орындау үшін берілетін уақыттың 7 минутын үнемдейді.
Daily Mail газетінің баяндауынша, ғалымдар төртінші сынып оқушыларын бір жыл бойы бақылаған. Олардың сұраққа қалай жауап беретіндігіне, сабаққа қатысу белсенділігіне және оғаш қылықтарына назар аударған.
Техас университеті медициналық орталығының (Texas A&M Health Science Center School of Public Health) профессоры Марк Бенден мектепте тұрып сабақ оқуға мүмкіндік беретін парталарды пайдалануды ұсынады. Ол бұған дейінгі зерттеулерінде отырған оқушыға қарағанда тұрып тұрған оқушы көбірек калория жоғалтатындығын дәлелдеген. Дәл осындай қарапайым белсенділіктің өзі адамның когнитивтік мүмкіндіктерін жақсартады екен.
Бір орында ұзақ отыру арқылы денсаулығымызды нашарлатып алуымыз мүмкін. Осыған дейін белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, адам орташа есеппен тәулігіне 7,7 сағат орындықта отырады екен. Кейбіреуі 15 сағатқа дейін отыруы мүмкін.
Біз бір орында тұрғанда, жүрген кезде бойымыздағы күш-қуаттың артқанын, қан айналым жүйесі жұмысының жақсарғанын сезінеміз әрі зат алмасу құбылысын жылдамдатамыз. Ең бастысы, бойымызды тік ұстауға дағдыланамыз.
Айтпақшы, инженерлер тұрып сабақ оқуға арналған партаны жасап та үлгерді. Ол адамның қимыл-қозғалысына еш кедергі жасамайды.
Ал тұрып сабақ оқуға сіздің көзқарасыңыз қандай?
Қ. Бүйенбай