Оқушылар неге мектептен қашады?

Әрбір баланың арманы мектепке бару. Бірақ сол уақыт жақындаған сайын олардың көңілінде қорқыныш пайда болады. Ата-анасынан ажырап, бір күнін мектепте, өзіне таңсық адамдардың қасында өткізу секілді үрей туындайды. Бұл сезім алғашқы кезде ғана емес, мектеп қабырғасында талай жүрген жоғары сынып оқушыларының да басынан өтеді. Себебі неде, неге оқушылардың мектепке барғысы келмейді?
 

Ұстаз
Оқушының мектепке баруына ең бірінші кедергі – ұстаз. Ұстазға деген қорқыныш оқушының мектепке баруына кері әсерін тигізеді.


Баға
«5» деген бағаны емес «3» пен «2» деген бағаны алу оқушы үшін уайым. Себебі мектеп қойып берген төмен бағаны оқушы ең алдымен ата-анасына көрсетуге қорқады. Ал кешкі шай үстінде үйінен сөз естіп, таяқ жеген баланың ертең мектепке барғысы келе ме?


Қателік
Ең үрейлі дүниенің бірі – қателік жасау. Мектепте қателіктің алдын алу немесе оған дайын болу керек дейтін ұғымды үйретпейді. Мектепте тек білім береді. Ал сіз қателік жасап қойғаннан кейін оған жауап таба алмай қиналасыз. Келесі жолы тағы да сол қателікті жасаймын ба деп қорқасыз.


Мазақ
Оқушылардың мектепке баруына тағы бір кедергі – мазақтау. Яғни сынып ішіндегі оқушылардың бір-бірін мазақтауы. Бұған ең бірінші ұстаз себепкер болады. Сабаққа дайындықсыз келген оқушыны ортаға шығарып ұрсу, оны сабақ бойына тұрғызып қою, түрлі шара жасау өзге оқушылардың күлкісін келтіреді. Ал бұл тұрып тұрған оқушының психологиясына тікелей әсер етеді.


Жауабы жоқ сұрақтар
Мектепте оқушыларға баға қою үшін ұстаздар түрлі айлаға барады. Тіпті оқушының ақылы жетпейтін, жауабы ешқандай тәрбие не мағына бермейтін арзан сұрақтар қою арқылы оқушыны бағалайды. Ал бұл сұрақтан бір күні болмасын бір күні оқушы шаршайды, жалығады.


Үй тапсырмасы
Оқушы күні бойы мектеп қабырғасында жүріп бір кеңістікте тыныс алып, бір кеңістік ішінде жаппай оқиды. Оған қоса үй тапсырмасы бар. Ал бұл оқушының санасында «мен қашан демаламын сонда?» дейтін сұраққа алып келеді. Көбінесе оқушыларға берілетін үй тапсырмасы өте көп. Тіпті оқушының зорығып кетуіне тура келеді. Ал бұлай оқу  ол үшін керек емес.