- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Оқушылар неге мектепті...
Оқушылар неге мектепті жақсы көрмейді?
Аяулы менің, мектебім,
Өртеніп неге кетпедің?!
Өртеніп егер кетсең сен.
Арманға менің жеткенім.
Бұл әзіл тақпақты бәріміз естіген болармыз. «Мектеп ішінде ешкім жоқ кезде, өртеніп кетсе, қуанар едік» деген ой бір сәт болса да бәріміздің басымызға келді. Не себепті балалар білім алатын алтын ордасының өртенгенін қалайды? Неге мектепті жақсы көрмейді?
Осы жөнінде оқушылардың ойын ортаға сала отырып, оларды райынан қайтарып, мектепті жақсы көруге шақыратын үлкендер кеңесін қатар ұсынамыз.
Оқушылар ойы: Таңертең ерте тұруға ерінеді. Түнімен телефонның тұтқыны болып, ерте ұйықтамаған бала, ұйқысы қанбағанына ашуланады.
Үлкендер кеңесі: Адам күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға дағдыланса, оятқышынан бұрын тұрып алатын болады. Бөлме терезесі ашылып, ауасы тазартылса, сергек болып, ұйқыңыз қанып оянасыз. Осы қағидаларды ұстанып көріңіз.
Оқушылар ойы: Күн сайын бір мектеп формасын киюден жалығады.
Үлкендер кеңесі: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Қалыптасқан мектеп формасы сізді тұрақтылыққа үйретеді әрі сыныптағы әлеуметтік теңсіздікті білдірмеуге жол ашады. Ойлап көріңізші, шартты мектеп формасы жоқ. Оқушылар сабаққа қалағанын киеді дейік. Олай болса, бір бастықтың баласы сабаққа әр күнде әртүрлі киім киеді. Оған еріп, сіз де түрлі киім кигіңіз келеді. Сізге еріп басқа бала да солай етеді. Ал кей балалардың ата-анасы ондайды қалтасы көтермейді. Осыдан көре алмаушылық, бөліну басталады...
Оқушылар ойы: Сыныптастарын жақтырмайды. Бір сыныпта жиырма бала болса, жиырмасының жиырма түрлі мінезі, жиырма түрлі қылығы болады. Әр үйден әртүрлі тәрбие алған балалардың басы бір қазанға симайды. Келіспеушіліктен келеңсіздік, одан араздық туады.
Үлкендер кеңесі: Ең жаман деген адамның өзінде бір жақсы қасиет болады. Тек соны көріп, тани білу керек. Мейрамды, атаулы күнді сылтауратып, ұнатпайтын сыныптасыңызға жақындауға тырысыңыз. Сонда оның да жақсы қасиеттері баршылық екеніне көз жеткізіп, тату боп кетесіз. Бес күндік ғұмырда ешкімді жек көрмеңіз, кез келген адаммен тіл табыса білуді осы кезден үйреніңіз.
Оқушылар ойы: Мұғалімдер бағаны әділ қоймайды. Сайыс-жарыстарда танысы мен ақшасы барлар ғана алға шығады, басқа оқушылар еленбейді.
Үлкендер кеңесі: Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды. Биікке өз еңбегімен шығатындар да бар. Өмір ақ пен қарадан тұратыны секілді, әділдікпен бірге әділетсіздік те төбе көрсетеді. Алайда, өмірге өкпелі кісінің кейпіне еніп, бәрінен түңілген жарамас.Жақсылықтан үміт үзбеңіз. Үлкен өмірде әлі талай әділетсіздіктің құрбаны боласыз, үйрене беріңіз. Тек келеңсіздікті күліп қарсы алып, күліп шығарып салуға тырысыңыз.
Ал сізде мектепті жек көретін кез бола ма?
@. @assel_assanova