Аяулы менің, мектебім,
Өртеніп неге кетпедің?!
Өртеніп егер кетсең сен.
Арманға менің жеткенім.
Бұл әзіл тақпақты бәріміз естіген болармыз. «Мектеп ішінде ешкім жоқ кезде, өртеніп кетсе, қуанар едік» деген ой бір сәт болса да бәріміздің басымызға келді. Не себепті балалар білім алатын алтын ордасының өртенгенін қалайды? Неге мектепті жақсы көрмейді?
Осы жөнінде оқушылардың ойын ортаға сала отырып, оларды райынан қайтарып, мектепті жақсы көруге шақыратын үлкендер кеңесін қатар ұсынамыз.
БАСЫ
Оқушылар ойы: Оқытушылар үнемі қабағын түйіп жүреді, балаларға жекіп ұрсуды ғана біледі.
Үлкендер кеңесі: Мұғалім де адам. Оның да жаны, жүрегі, құбылмалы көңіл-күйі болады. Барлық жағдайға түсіністікпен қарап, оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Мектептегі мың баланың бабын табу оңай емес, оған қырық қағаздың бітпейтін жырын қосыңыз. «Ешқашан мұғалім болмаймын» деген ұстаныммен өмір сүрсеңіз де, бір күні мұғалім болып шыға келуіңіз ғажап емес, сондықтан мұғалім ұрсса, себебіне үңіліңіз, кінәні өзіңізден іздеңіз.
Оқушылар ойы: Мұғалімдер тек кітап бойынша, өзінің білетінін ғана үйретеді. Оның бізге түкке де қажеті жоқ.
Үлкендер кеңесі: Мектеп бағдарламасында балаға қажетсіз ақпарат болмайды. Күндердің күнінде алдыңыздан шығып, ақсатуы мүмкін. Қазір 8-сыныпта оқитын болсаңыз, сыныптасыңыздан: «5-сыныпта өтіп едік қой, ұмытып қалдың ба?» деген сөзді естіген боларсыз. Барлық мәлімет болашаққа қажет болады. Мүлдем қажетсіз деп ойласаңыз, мұғалімнен: «Өтіп жатқан сабақ бізге қандай пайдасын тигізеді?» деп сұраңыз. Ол болашаққа қажеттілігін түсіндіріп береді. Әр ақпараттың мәнін жете түсініп, қаперіңізге түйіп алыңыз.
Оқушылар ойы: Үй тапсырмасын орындауға құлқы болмайды. Сол себепті мектептен, жауыр болған үй жұмысынан жылдам құтылсам деп ойлайды.
Үлкендер кеңесі: Егер мектепте өткен сабақты үйге келгенде қайталап, тәжірибелік тұрғыда жаттығу жасамаса, мұғалім үйреткені – бір тиын. Қайта үй тапсырмасына қоса, осы тақырып жөнінде басқа қандай ақпараттар бар екен деп, кітаптардан, интернеттен қосымша іздену керек. Адам үнемі өзін өзі оқытса ғана, көздеген мақсатына жетеді.
Оқушылар ойы: Көптеген пәннен жыл сайын бір нәрсені қайталап оқимыз.
Үлкендер кеңесі: «Қайталау – білім анасы» деген. «Көпті көргеннен емес, көп оқығанна сұра» деген мәтелде том-том кітапты кеміріп тастаған адам турасында емес, бір кітапты бірнеше рет оқып, жілігін шағып, майын ішкен жан жайында жазылған. Адам бір нәрсені қайталай оқығанда, бұрын байқамаған жаңа тұстарымен кезігеді, өзіне жаңалық ашады.
«Қазіргі заман – оқығандікі», «Білімді адам жерде қалмайды» деген сөздерді күн сайын естиміз, бұл жай жаттанды, ұран болған сөздер емес. Шынында да, мына ғасырда оқымасаң ешкімге қажет емессің. Қазір білімді, интеллектуалды адамдар «сәнде». Сәннен қалып, еш жерге жарамсыз болып қалмайын десек, оқиық, оқиық, тек оқи берейік!
Ал сізде мектепті жек көретін кез бола ма?