Күн сайын ғылыми зерттеулер жалғасын тауып келеді. Жергілікті халықтың білімінің сапасы артуда. Айналамызда техника таңғажайыптары толып тұрған кезде біз ақылды болуымыз керек емес пе? Өкінішке орай, адамдардың 53%-ы ғана Жердің Күнді бір жылда айналатындығын, 59%-ы алғашқы адамдар мен динозаврлардың әртүрлі кезеңде өмір сүргенін біледі. Жердің 70%-ын су басып тұрғандығын адамдардың тек 47%-ы ғана нақты айта алады.
Ғылымдағы бар жаңалықтан хабардар болып отыру үшін бізге көп уақыт қажет болады. Кезекті мақаламыз Хиггс бозоны туралы сөз қозғалып, динозаврлардың қанаты болып-болмағанына байланысты пікір-талас жүріп жатқан кезде тақырыпты ауыстыруды жөн көретін жандарға арналады.
Аспанның түсі неге көк?
Біз көгілдір түсті аспанды, аппақ бұлтты немесе сұр бұлтты көреміз. Бәрінен де ашық аспанды ұнатамыз. Еуропалық ғалымдар көгілдір түстің эмоциямызға әсер етіп, эмоциялық қиындықтарға төтеп беруге көмектесетіндігін анықтады.
Алайда тақырыптан ауытқымайық. Аспан «шашыраңқылық әсерінен» бізге көгілдір болып көрінеді. Күн сәулесі жерге түсу үшін газға толы түрлі қабаттан өтуі тиіс. Бір рет болсын призманы ұстап көрген болсаңыз, сәуленің әртүрлі ұзындықтағы толқындары түрлі түстен тұратынын білесіз. Көк түстің аталған толқындары қысқа болатындықтан, атмосфера қабатынан оңай өтеді. Нәтижесінде атмосфера қабатынан өтіп, жан-жаққа біркелкі таралады. Осылайша бізге аспанның түсі көк болып көрінеді.
«Аспан неге күлгін түсті емес?» деп сұрайтын шығарсыз. Күлгін сәулелердің ұзындығы көгілдір түсті сәулеге қарағанда, әлдеқайда қысқа. Күн сәулесі біркелкі таралмайтындықтан, күлгін түс өте аз. Мұнымен қатар, күлгін түске қарағанда, көк түс көзге көп әсер етеді.
Жердің жасы қанша?
Жыл сайын Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында «Жердің 2015 жасқа толатынына сенгім келмейді!» деп ойлайтын адам табылары анық. Немесе 2016, немесе 2017... Жердің нақты жасы туралы түрлі әңгіме айтылып, ғалымдар пікір таластырып жүр. 1654 жылы ғалым Джон Лайтфут Болмыс Кітабын негізге ала отырып, Жердің б.з.д. 4004 жылы 26 қазанда таңғы сағат 9-да жаратылғандығын айтқан. 1700 жылы Бюффон есімді ғалым Жердің кішкене көшірмесін жасап, оның суу жылдамдығын анықтайды. Артынша алған мәліметтеріне сәйкес, Жердің 75 000 жаста екенін айтады. 19 ғасырда зерттеу жүргізген лорд Кельвин Жердің пайда болғанына 20-40 миллион жыл болғандығын хабарлады.
Алайда мұның барлығы радиоактивтіктің ашылуымен бірге артта қалған болжамдар ғана. Кейінгі зерттеулер радиоактивтік заттардың қандай жылдамдықпен үгілетіндігін нақты анықтауға мүмкіндік берді. Ғалымдар осы мүмкіндіктің көмегімен тау жыныстарының, түрлі тастың, метеориттердің және Айдың жас мөлшерін тапты. Яғни, Жер шары шамамен 4,54 миллиард жыл бұрын пайда болған екен.
Жалғасы бар...