Қызылорда қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды, – деп жазады 24.kz.
Ала тақтадағы аламаннан ел біріншілігі Сыр өңірінде алғаш рет ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан 8 және 18 жас аралығындағы 450-ге жуық спортшы қатысты. Ойын швейцар жүйесі бойынша 9 турдан шахматтың классика, рапид және блиц түрлері бойынша өтті. 6 жас ерекшелігі бойынша үздік шыққан 36 ұл мен қыз биыл қараша айында Оңтүстік Кореяда өтетін Азия чемпионатына, мамыр айында оқушылар арасында Тайландта және қазан айында жасөспірімдер арасында Грекияда болатын Әлем чемпионаттарында бақ сынайды.
"Қазір шахматтың 3 түрі бойынша жеңімпаздар анықталды. Классика түрінен үздік шыққандар әлем біріншілігіне қатысады. Сондай-ақ, рапид және блицтен топ жарғандар Азия біріншілігінде ел намысын қорғайды. Жарыс жоғарғы деңгейде өтті.Жарысқа қатысушылардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шықты, – дейді жарыс төрешісі Александр Володин.
сурет: about-chess.ru