- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Оқушы үкіметке 400...
Оқушы үкіметке 400 млн долларды үнемдеуге көмектесті
Американың Питтсбург қаласындағы мектепте білім алып жатқан жоғарғы сынып оқушысы Сувир Миркандани бір ғана ресми шрифтіні өзгертіп, нәтижесінде Америка үкіметіне миллион долларды үнемдеуге көмектесетін жеке зерттеу жұмысын жүргізді.
14 жасар оқушы компьютер ғылымының көмегімен қоршаған ортаның жағдайын қалай жақсартуға болатындығын қарастырған екен. Ол таңбалауға арналған он шақты шрифтіні қарап, мұнымен қатар, қай шрифтіге қай сияны пайдалану керектігін де талдаған.
Зерек оқушы қарсы алдында отырған CNN журналистерінен: «Сіздер таңбалауға арналған сияның француз әтірінен екі есе қымбат болатынын білдіңіздер ме?» - деп сұраған екен.
Сувир таңбалау барысында Garamond шрифтін пайдалануды ұсынды. Аталған шрифт өте жіңішке әріптермен жазылатындықтан, сияны үнемдейді. Жас жеткіншек оқитын мектептің ұстаздары Garamond шрифтін пайдаланып, сияны 24%-ға дейін үнемдеген. Нәтижесінде мектеп жылына 21 000 долларды үнемдеген. Мектеп ұстаздары шәкіртінің жүргізген зерттеу жұмысына тәнті болуда.
Баланың достары мен туысқандары зерттеу нәтижесін АҚШ басшылығына жіберуге көндіреді. Жыл сайын Ақ үй қағаз бен сияға 1,8 миллард ақша бөліп отырады екен. Әрине, Америка басшылығы жас жеткіншектің жұмысын бірден қабылдай қоймады. Қабылдаған жағдайда, басшылық жылына 400 миллион доллар ақша үнемдейтін болады.
Қағаз басып шығару бюросының хатшысы оқушының бұл еңбегін жоғары бағалады. Бірақ жақын уақытта мемлекет іс-қағаздардың электронды нұсқасына көшетіндіктен, қалыптасқан жүйеге өзгеріс енгізілмейтіндігін айтты.
Сувир Миркандани көп адам үшін қалыптасып қалған жүйеден бас тарту қиынға соғатындығын тілге тиек етіп: «Алайда мәселені бүге-шүгесіне дейін талдайтын болсақ, шешімді дұрыс қабылдаймыз», - деп өз пікірін бөлісті. Мұнымен қатар, адамдар мүлдем ойламаған салада да үнемдеуге болатындығын әлі де дәлелдейтіндігін айтты.
Қ. Бүйенбай