Жасөспірімдер не туралы ойлайды? Олардың қандай қалауы бар? Кез келген ана мен ұстаз өмірінде бір рет болсын өзіне осы сұрақтарды қояды. Балаларынан тікелей сұрайын десе, батылдары жетпейді. Осыған орай №43 мектептің психолог маманы Такирова Айжаннан кеңес сұрауды жөн көрдік.
Жасөспірімдер не туралы ойлайды?
- Өзімді сөзсіз түсінетін, мені жақсы көретін достарды қайдан тапсам екен?
- Мені өзге адамдар қалай бағалайды? Олар мені ұната ма, әлде ұнатпай ма?
- Менің өзгелермен қандай ұқсастығым бар? Бұл жақсы ма, жаман ба? Мен оларға қалай ұқсай аламын?
- Ішімдік пен темекінің дәмін татып көруге бола ма? Олардың дәмі қандай екен? Артынша қандай сезімге бөленемін? Бұл үлкендер айтатындай зиян ба?
- Мектепті қалай тәмамдаймын? Алатын бағам қандай болады? ҰБТ-ны тапсыра алмай қалсам не істеймін?
- ЖОО-ға түсемін бе? Мамандығыма сәйкес жұмысқа орналаса аламын ба?
- Өзіме ұнау үшін өміріме қандай өзгеріс енгізсем екен?
- Ата-анам маған ұрыспай, керісінше мақтау үшін не істеуім керек?
Жасөспірімдер ата-аналарынан не күтеді?
- Олардың өздерін қалай тәрбиелеу керектігі туралы өзіндік пікірлері бар. Жасөспірімдер ата-аналарынан нені талап еткісі келетіндіктерін өте жақсы біледі;
- Олар ата-аналарының өздеріне сенім артқанын қалайды;
- Олар ешкім білмейтін құпия «жерінің» болғанын жөн көреді;
- Олар ата-аналарымен сырласқысы келеді. Алайда жасөспірімдер барлығына айта бермейтін дүниелер болатындықтан, кей сырды ішінде қалдырады;
- Олар әділеттілікті аңсайды. Еш себепсіз ұрыс естігілері келмейді. Бұл олар үшін өте маңызды;
- Олар қандай жағдай болмасын, ата-аналарының өздерін жақтап тұрғанын жақсы көреді.
Ал Сіз қалай ойлайсыз? Жасөспірімдердің бұдан өзге қандай қалауы бар?
Сурет: voxpopuli.kz (өңделген)