Оқушы неге мектепке барғысы келмейді? #2

Әр отбасында қиындықтар болады. Бірінде – ата-ана ренжіссе, екіншісінде бауырлардың арасында түсініспеушіліктер болады. Бұдан өзге жақын адамнан айырылу, екінші баланың дүниеге келуі сынды себептері болуы мүмкін. Осының барлығы біздің психологиямызға әсер етіп, ситуацияға қарсы жауап беруге ұмтылдырады. Аталған қарсы жауабымыз сабақтан қашу арқылы көрініс табады. Үлгеріміміз нашарлайды. Өздеріңіз көріп отырғандай оқушының сабақты жақсы оқуына отбасындағы береке де әсер етеді.

Мысал

Асылбек 9 сынып оқушысы. Ол бастауыш сыныптарда өте жақсы оқыса да, өсе келе үлгерімі нашарлап кетті. Оқуға деген қызығушылығы төмендеп, үй тапсырмасын орындаудан қалды. Ата-анасы мектеп туралы сұраған кезде, жауап беруден бас тартты. Психолог маманның зерттеуі бойынша Асылбектің үлгеріміне отбасында болып жатқан жағдай әсер етіпті. Асылбек қарындасы екеуі әке-шешесінің ажырасу туралы айтқандарын жиі естиді екен. Іштегі қорқыныштарымен бөлісейін десе, ата-анасының арасындағы қарым-қатынас одан ары ушығып кете ме деп қорқады. Баланың күнделіктерінде екілік бағалар көбейіп кеткен соң сынып жетекшісі ата-анасын мектепке шақырды. Осылайша ажыраспақ болып жүрген жандар балаларының қиындықтарын бірігіп шешіп, қайта татуласты. Осы мысалдан көретініміз Асылбек сабақ оқымау арқылы ішкі жан дүниесінің құлазып бара жатқандығын көрсеткісі келген.

Болашақта әр оқушы отбасын құрады. Ал отбасындағы қиындықтар бала күнімізде тәрбие мен білім алмағандықтың салдарынан болады. Яғни ертең өзіңіздің отбасыңыз берекелі болғанын қаласаңыз, бүгіннен бастап көзі ашық, көкірегі ояу азаматқа айналуға тырысыңыз.

Сөйлесу

Жасөспірімдік шағымызды өтпелі кезең деп бекер атамайды. Балалықтан есейіп, үлкен өмірге қадам басамыз. Мамандық таңдап, мектеп бітіреміз. Біздің де, анамыздың да жүрегіміз тағат таппай мазасыздана түседі. Тағы да мектептен қаша бастаймыз. Біздің сабаққа қызықпауымыз ата-анамыздың назарын өзімізге қаратудың бір тәсілі екенін айтқымыз келеді. Яғни ата-анамыздың мектептен басқа өмір жоқтай сөйлейтініне қарсылық. 13-14 жас аралығындағы оқушылар қатысатын психологиялық топтағы бір оқушыға «Ата-анаңыз сізбен сабақтан өзге тақырыпта сөйлесе ме?» деп сұрағанымызда, «Ия, бірақ сөздері құлаққа жағымсыз естіледі. Сен өзі не ойлап жүрсің деп айтады» деп жауап берді. Ата-анамыз біз үшін, біздің болашағымыз үшін қатты алаңдайды. Ал біз керісінше жауапкершіліктен, ҰБТ-дан қорқып, сабаққа бармай жүреміз.

«Мен сабақ оқығым келмейді. Бір мәнісі болар. Несіне қорқамыз?» деген сөздерді сыныптастарыңыздың аузынан естіген шығарсыз? Есіңізде болсын! Бұл олардың батыл екенін көрсетпейді. Керісінше жауапкершілікті мойындарына алып, әрбір ісі үшін жауап бере алмайтындығының айқын дәлелі. Сол себепті барлығы тек бір өзіңіздің қолыңызда.

Ал Сіз қалай ойлайсыз? Оқушы неге сабаққа барғысы келмейді?

Сурет: Massaget.kz