Қыркүйектің алғашқы күндері де басталып кетті. Жазғы демалыста «жабырқап тұрған» мектеп, ендігі шашына ақ бантик байлаған нәзік қыздар мен қолына ұстазына арналған гүлін әкелген оқушыларға толды. Көп кешікпей мерекелік көңіл-күй шетке ысырылып, жоғарғы сыныптар ҰБТ-ға, ал орта мен кіші буын кезекті сыныпты сәтті аяқтауға дайындалуда. Ал сыныпты сәтті аяқтау үшін жылдың басынан бастап жақсы оқу керек. Олай болса, назарларыңызға бағамызды көтеретін бірнеше әсерлі әдіс ұсынамыз. Ол үшін ең алдымен жоспар құрайық.
1. Блокнот арнап, ол жерге барлық тапсырмаларды бүге-шүгесіне дейін жазып отыру керек. Ол тапсырмалар реферат, бақылау жұмысы белгіленген күн, тест орындайтын күн, күнделікті тапсырма және т.б. болады. Осылайша қиын күндер тосын сыйға айналмайды.
2. Бөлу және демалу. Кейде тарих пәнінен 5 емес, бір параграфты да толық оқи алмайтын сияқты көрінемін. Және тапсырма көп кезде де оларды орындағың келмейді. Үйдің бір бұрышынан екінші бұрышына өтумен боласың. Бұл мәселені үй тапсырмасын бірнеше бөлікке бөліп, арасында демалыс ұйымдастырып отыру арқылы шешуге болады. Бір параграфты немесе бір бетті оқып болған соң миды сергітіп алған дұрыс. Бірақ сергітуді әлеуметтік желіге кіріп шығу, немесе тамақтанып алу деп түсінбеңіз.
3. Теледидарды шектеулі уақыт ішінде ғана көру. Ия, түсінемін, бір қызық телехикаяны көрген соң артынша одан да қызығы басталады. Аяғында сағатқа қарағанымызда түннің бір уақыты болып, ұйықтамасқа амалымыз қалмайды. Сондықтан үй тапсырмасын орындамай тұрып, ешқандай да теледидар қарамаған жөн. Ал егер олай жасай алмаймын десеңіз, бастапқыда ата-анаңыздан көмек сұраңыз. Олар теледидар көре бастағаныңызда ескерту жасайтын болсын.
4. Арбайтындардан аулақ. Әдетте сабақ орындауға отырғанымда достарым хабарласып, аулаға ойнауға шақырады. Әрине, бұл достармен сөйлеспеу керек немесе ойнаудың қажеті жоқ деген сөз емес. Ондай кездесулерді демалыс күндерге қалдыруға болады. Ал тапсырма ертең орындалуы тиіс екендігін ұмытпаңыз.
5. Ұстаздармен сөйлесу. Ия, бұл мен құрастырған жоспардың соңғы пункті. Өкінішке орай, оны орындамасқа болмайды. Мұны пара берумен шатастырмаңыз. Жасанды баға болашағыңыздың жарқын болатындығына кепілдік бере алмайды. Бағамызды түзеу үшін ұстаздармен кеңесіп, қосымша тапсырма алу керек. Әрине, ұстаздар да әртүрлі болады. Бірі – қуана көмектессе, екіншісі – уақытым жоқ, бос уақытымды бала-шағама арнаймын деуі мүмкін. Оларға түсіністікпен қараған жөн. Арасында сізге көмектесетін біреуі міндетті түрде табылады.
Сіздің жақсы оқып жүргеніңізді көргенде ата-анаңыздың барынша қуанып, мерейі үстем болатынын ұмытпаңыз.
Осылайша бағамызды көтеруге болады. Ал сіз өзге қандай тәсілдерін ұсынатын едіңіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Гүлзат Әбдіраманның жеке парақшасынан