- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- ОЖСБ-да өзгерістер болады...
ОЖСБ-да өзгерістер болады
2016 жылы Орта білім берудегі оқу жетістіктерін сырттай бағалауға тест тапсырмаларының жаңа формасы енгізіледі және тест құрылымы өзгереді.
2016 жылы ұлттық мониторинг бірнеше жаңалығымен ерекшеленетін болады. Осы көктемде 9-сынып оқушыларымен қатар 4-сынып оқушылары да тестілеуден өтеді. 4 жыл қатарынан қолданылып келген тесттің дәстүрлі форматы өзгереді.
4-сынып оқушыларына арналған тест құрылымы:
- математика пәні бойынша бір ғана дұрыс жауабы бар 15 тест тапсырмасы;
- әдебиеттік оқу пәні бойынша бір ғана дұрыс жауабы бар 15 тест тапсырмасы болады. Оның ішінде оқу сауаттылығын бағалауға арналған 2 мәтін болады, әр мәтінге 3 тапсырма беріледі.
9-сынып оқушыларына арналған тест құрылымы:
- қазақ тілі пәні бойынша бір ғана дұрыс жауабы бар 20 тест тапсырмасы беріледі. Оның ішінде оқу сауаттылығын бағалауға арналған 1 мәтінге 5 тапсырма беріледі;
- жыл сайын ҚР БҒМ анықтап отыратын басқа пәндер бойынша 40 тест тапсырмасы, оның ішінде 25 бір ғана дұрыс жауапты, қалған 15 бір немесе бірнеше дұрыс жауапты тест тапсырмалары болады.
ҰТО директоры Қ.С.Әбдиевтің айтуы бойынша: «Ұлттық тестілеу орталығы емтихандар мен мониторингтерге арналған тапсырмалардың мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыстарды әрдайым жүргізіп келеді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалауға арналған тапсырмалардың үлесін арттыру біздің жұмыстың басты бағыты болып табылады. Осы мақсатта ОЖСБ-ға оқу сауаттылығын бағалауға арналған тапсырмалар енгізіліп отыр. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауапты тест тапсырмалары жауапты жорамалдап табу проблемасын жоюға септігін тигізеді».
Тест тапсырмаларын әзірлеумен Қазақстан Республикасының Ұлттық тестілеу орталығы айналысады.
Г. Берік