НЗМ: Үш тілде сөйлеген «Ромео мен Джульетта»

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі мақсаттарының бірі – баланың тек білімге баулу ғана емес, олардан шығармашылық тұлға қалыптастыру.  22 қыркүйек тілдер күніне орай, Атырау облысы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Жастар» театрының ұйымдастыруымен жаңа қойылым сахналанды. Ол – әйгілі Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы». Бұл ол бір ғана тілде сөйлеген жоқ, үш тілді бір уақытта қамтыды.

«Ромео мен Джульетта» – әлем әдебиетіндегі ең үздік туындылардың бірі. Хореогрфиялық іс-қимыл арқылы, музыкалық сүйемелдеумен әрі керемет актерлік шеберлікпен дүниеге «қайта» келген қос ғашықтың махаббаты жылдар өтсе де өзгермейтіні анық.

Үш тілді меңгеру – заман талабы. Өйткені, оқыған, ізденген адамға кез келген қамалдың есігі айқара ашық. Әсіресі, байланыс құралы – тілдің ойнайтын рөлі ерекше.

НЗМ баспасөз хатшысы Ануар Жаманқұлов оқушылардың үш тілді қойылымды сахналауына  қатысты былайша пікір білдіреді: «Мемлекетімізде барлық азаматтар үшін кез-келген тілді меңгеруге барлық жағдай жасалып отыр. Жыл өткен сайын тіл білімінің қажеттілігі, сұранысы артуда. Оны қоғамның қай саласында болмасын байқауға болады. Сондықтан біздің мектепте балалардың басым бөлігі үш тілді жетік меңгерген. Бүгінгі қойылым – cоның айғағы. Атап өтетін болсам, қазіргі жастар үшін үш тілді меңгеру жаңашылдық емес. Керек десеңіз француз, неміс, корей тіліне деген сұраныс артып келеді. Корей тілін меңгеруге сұраныс "К-поп" мәдениетінің ықпалынан туындап отырғанға ұқсайды. Өз басым үш тілден бөлек, аздап португал тілінде сөйлей алатынымды мақтан тұтатын. Бәлкім болашақта, Португалия, Бразилия сынды латын мемлекеттерімен халықаралық ынтымақтастықты орнатуда бұл тілді білгенімнің көмегі тиіп қалар».

Шынымен, талап бар жерде ізденіс бар. Ізденіс бар жерде жетістік болады. Бұл мектеп сахнасындағы үш тілді алғашқы қойылым болса, болашақта әлемге қазақ атын танытатын керемет туындылардың іргетасын қалайтынына нық сенімдіміз.