- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- НЗМ: Қандай пәндер...
НЗМ: Қандай пәндер оқытылады?
Пәндерді тереңдетіп оқу баланың бойындағы бір бағытқа деген қабілетті арттырады. Назарбаева Зияткерлік мектебі әзірге екі бағытқа ден қоюда: химия-биология (жаратылыстану) және физика-математика (техникалық).
Тереңдетілген пәндер:
• Ағылшын тілі – мектептің бағытына қарамастан, міндетті түрде тереңдетілетін пәннің бірі. Әзірге бұл тіл халықаралық болған соң, оны оқу балаларға болашақта әлемдік нарыққа еркін өтуге мүмкіндік беріп қана қоймай, қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырады.
• Физика, Биология, Химия – бұл пәндер бойынша оқушылар тек теориялық қана емес, қолмен ұстап, көру арқылы да ой-санасын жетілдіре алады. Қызықты тәжірибелер балалар бойындағы пәнге деген қызығушылықты ұлғайтып, білім сапасын өсіреді.
• Математика – ғылымның атасы. Математика орта мектептердегідей алгебра немесе геометрия деп жіктелмейді. Оқушы екі бағытты да қатар қолдана алуы тиіс. Яғни, алгебрадан төрттік алып, геометрияны беске білу деген ұғым жоқ. Тек математиканы меңгеруге тиіссің.
Негізгі пәндер:
• Экономика 11-12 сыныптар оқитын бұл пән жалпы экономика ұғымымен таныстырып, түрлі есептерді шығарып, қаржы мәселесі бойынша сауаттылығын арттырады.
• География мен Дүниежүзі тарихы қазақ сыныбына орыс тілінде, орыс сыныбына қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл әдіс баланың тілдерді тез меңгеру мүмкіндігіне жол ашады.
• Қазақ тілі, әдебиеті және Орыс тілі, әдеиеті тек қана ережелер мен түсінік айтудан бөлек бала тыңдалым, айтылым, жазылым, сөйлеу дағдылары бойынша біліктілігін жетілдіреді.
Тереңдетілген және негізгі пәндерден бөлек мектепте тағы қосымша пәндер бар:
• Қазіргі әлемдегі Қазақстан 11-12 сыныптар оқитын бұл пәннің ерекшелігі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері, қателіктері, саяси ахуалы, экономикасы талданады. Мектепті бітіретін түлектер дәл осы пән бойынша емтихан тапсырады.
• ЖКЖЖ (Жаһанның келешегі мен жобалық жұмыстар) – бұл еркін пән бойынша балалар әлемде болып жатқан оқиғаларды талдай отырып, мәселелердің шешімін қарастырды. Жаһандану үрдісінің қазіргі сипатын негізге ала отырып, болашақты ғылыми тұрғыдан болжауды меңгереді. Бұл пәнді тек 11-12 сынып оқушылары ғана оқиды.
• Өнер – орта мектептерде оқытылатын музыка мен сурет сабағының біріктірілген атауы. 7-8 сыныптарға арналған бұл пән бала бойындағы дизайн, сызу, музыкалық қабілет, қазақ әуендері секілді бағыттар бойынша дағды қалыптастырады.
Физикалық жетілуге мүмкіндік беретін пәндер:
• Дене шынықтыру – таңертең және түсте ұйымдастырылатын дене сергіту жаттығуларынан бөлек арнайы пән бар. Спорт – денсаулық кепілі. Ал, мықты денсаулық күшті болашақтың негізін қалайды.
• АӘД – 11-12 сыныптарға арналған алғашқы әскери дайындық сабақтары. Дене жаттығуларымен қатар түрлі әскери әсдістер бойынша арнайы сынақ жұмыстары жүргізіледі.
Т. Есқали