- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Назарбаев Зияткерлік мектебінің...
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы болу үшін
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы болу үшін не істеу керек? Бүгін НЗМ түлегі өзінің ақыл-кеңестерімен бөліседі.
1) Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы ойын ашық жеткізе білуі тиіс:
Яғни, пікіріңізді адамдарға дұрыс жеткізіп, олармен ой бөлісіп, ақпарат алмаса білуіңіз керек. Өйткені, болашақта сіздің жолыңызда түрлі мәселелерді шешетін уақыт туады. Сол сәтте, ойыңызды ашық айта алмасаңыз, сізді адамдар мойындаудан бас тартады.
2) Білім, оқу және ізденіс:
Әрине, жас зияткер үшін бұлардың барлығы – басты орында. Өйткені, адам ізденіс арқылы дамиды. Оқыса ғана биікті бағындыра алады. Оқу – бұл мектептің басты ұраны. Сондықтан, бос уақытында оқуға көбірек көңіл бөл.
3) Мәдени шараларда белсенді болу:
Мәдени шаралар сіздің бойыңыздағы адамдармен қарым-қатынас орнату дағдысын дамытады. Сіз адамдармен еркін тіл табысатын боласыз. Орынды сұрақ қойып үйренесіз. Достар табасыз. Мұның барлығы сіздің болашағыңызда маңызды рөл атқарады.
4) Үй жұмысына деген тиянақтылық:
Үй жұмысын орындаңыз. Мейлі, сізден талап етпесе де үй жұмысын жасаңыз. Өйткені, үй жұмысы арқылы ақпаратты тез жаттап аласыз. Олар сіздің санаңыздың дұрыс жұмыс жасауына септігін тигізеді.
5) Ғылыми жұмыстарға қатысыңыз:
Ғылымға қызығыңыз және түрлі форумдар, жобалардан құр қалмаңыз. Қарапайым көрермен ретінде қатысудан қашпаңыз. Себебі, ғылыми жұмыстардың негізінде көп мәселе көтеріліп, оларға жауап беріледі. Сондықтан, бұл шарадан тек керектіні алуға тырысыңыз.
6) Мұғалімдермен досыңыздай сырласыңыз:
Мұғалімдерден қорқуды доғарыңыз. Олармен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз. Мұғалімдердің басым бөлігі жастар болғандықтан,ортақ тақырып пен бөлісетін тәжірибелер табылады. Сондықтан, мұғалімнен қашпаңыз.
7) Тілдердің курсына барыңыз:
Ағылшын тілімен қатар, қазірден бастап жаңа тілді үйрене беріңіз. Өйткені, болашақта көп тіл білетін адамдардың арасындағы бәсекелестік артады. Сондықтан, мүмкіндігіңізді құр жіберіп алмаңыз.
8) Демалуды ұмытпаңыз:
Емтихан, сабақ деп өзіңізді жей бермеңіз. Бір уақыт демалып, миыңызды сергітіп алып, жаңа толқынмен сабаққа кірісіңіз.
9) Болашаққа жоспар құрыңыз:
Кім боламын? Қайда оқимын? Бұл сұрақтардың жауабын 12-сыныпқа келмей тұрып іздеңіз. Сосын бір жыл бойына сол үшін тер төгіңіз.
Сіздің қолыңыздан бәрі келеді.
Т. Есқали