- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мысырда балалар 4...
Мысырда балалар 4 жасынан бастап мектепке барады
Әлемдегі барлық бала білім алып, үйренуге құқылы. Дегенмен, әр елдің танымына, қоғамдық жағдайға байланысты оқу жүйесі әртүрлі болары анық. Мысалы, Мысырдағы замандастарымыз 4 жастан бастап мектепке қабылданады. Осындай ерекшеліктері бар Мысыр елінің білім беру жүйесімен таныс болыңыздар.
Мысыр мектептерінде білім алу үшін сол елдің азаматы болу керек. Ал шетел азаматтары мектепте ақылы түрде білім ала алады. Бұл елде білім беру бағдарламасы 3 кезеңнен құралады:
– Бастапқы білім беру (Ат-таали́м әл-аса́си). Бұл бөлімнің өзі бастауыш және дайындық кезеңі деген екі бөлімнен тұрады.
– Орта білім беру (Ат-таали́м ат-та́науи)
– Жоғары білім беру (Ат-таали́м аль-га́маи)
Бастапқы білім беру кезеңінде барлық бала оқып шығуы тиіс. Бұл елде бала дүниеге келген бойда алғашқы дайындық сыныбына кезекке тіркеп қоюға болады екен. Бірақ ата-аналар балаларын 2 жасқа толған соң, дайындық сыныптарына береді. Дайындық сыныбы – біздің балабақшамыз. Мұнда балалар кесте бойынша сурет салу, санау, би, музыка, логика сынды пәндерді оқиды. Сабақ барысында үзіліс жариялайды. Осы уақыт аралағында балалар тамақ ішеді, ұйықтайды. Ұйықтауға арналған бөлмеде жерге көрпелер төселеді, балалар сол көрпелердің үстінде ойнап жүріп, ұйықтап қалады.
Білім беру сатылары
Мектепке дейінгі білімнен кейін балалар екінші сатыға көтеріледі. Праймари деп аталатын бастауыш мектеп 1-сынып пен 6-сыныптың арасын қамтиды. Балалар мемлекеттік мектепке емтихансыз қабылданады. Ал жеке меншік мектептерге қабылдану емтиханнан өтуді талап етеді.
Ал үшінші саты – орта мектеп. Бұл мектеп 2 үшжылдық циклдан құралады: секондари (7-9-сынып), препаратори (10-12-сынып). Мемлекеттік орта мектепті бітірген түлектерге National (ұлттық) атты деңгейдегі аттестат беріледі. Ал кей жеке меншіктегі мектептерден халықаралық деңгейдегі сертификаттарды алуға болады.
Препаратори кезеңінде мектепте үш бағыт бойынша білім беріледі:
– гуманитарлық;
– жаратылыстану;
– ғылыми.
Осы кезеңнен өткен соң, мемлекеттік және жеке меншік мектеп түлектері бірыңғай емтихан тапсырады. Емтихан қорытындысы бойынша Жоғары оқу орнына тегін білім алуға құжат тапсыра алады.
Бағалау жүйесі
Мысырда оқытушылар оқушыларды арнайы бекітілген бағалау жүйесімен бағаламайды. Әр мұғалім пайыздық не сандық, болмаса әріптік көрсеткішпен бағалайды. Тек 12 жылдық білімді қорытындылайтын емтиханда ғана баға дұрыс жауап санына сәйкес қойылады.
Г. Берік