Біз қазір гаджеттер мен бағдарламалардың қоршауында қалып барамыз. Олардың көмегімен толассыз ағып жатқан ақпаратқа жылдам қол жеткізе аламыз, бірақ миымыз артық ақпаратқа толып, санамыз торланып қалмауы тиіс. Жансыз құрылғылардан бас алмай отыра бермей, бір сәт жан-жағымызға зер салып, айналамызда жаны бар адамдар жүргенін де ұмытпайық.
Сол жансыз гаджеттеріміздің арқасында басымызға көп мәліметті сыйғызып жүруден құтылдық, керегімізді еске түсіру үшін бірнеше пернені басу жеткілікті. Бірақ әлемге ілесу үшін ғылыми, құқықтық, мәдени салалардағы маңызды мағлұматтарды жадымызда ұстаған жөн.
Отбасы. Ата-әжеміз, әке-анамыз, туған-туыстарымыздың мамандығын, туған күнін, өмірдегі маңызды сәттерін есте ұстайық. Бұл балаларға да, ересектерге де өзін отбасының белді мүшесі екенін сезінуіне, олар барда кез келген кедергіге қасқая қарсы тұра алатынын түсінуге жағдай туғызады.
Отан. Туған өлке және мемлекет туралы ақпараттар. Біз дәл осы жерде тудық және сол жерде өмір сүреміз. Ол жерлердің тарихы мен табиғаты бізбен етене байланысты, басқа адамдармен қарым-қатынасымыз да өсіп-өнген жерімізбен сабақтасып жатыр.
Физикалық белсенділік. Адам футбол ойнап, билеп, жүзіп, жаяу жүріп денесін шынықтырса, салауатты өмір салтын сақтаумен қатар, сенімділік сезімі ұялайды.
Құқық. Құқықтық жүйе қалай құрылғанын, өзіңнің және өзгелердің құқығын білу, өзіңді қорғап, қылмыстыны жазаға тарту – өте маңызды.
Этиткет. Бұл – құқықтың жалғасы, қауіпсіз өмір сүру тәсілі. Егер адам басқаларға амандасып, жақсылық жасап, этикет сақтаса өз шекарасын қорғайды және өзгелер шекарасына да тиіспейді, әлеуметпен үндескен өмір өткізеді.
Өнер. Өнерге (кітап, әуен, кино, сурет) көңіл бөлсе, жаны тынышталып, шабыт алады, рухани қуат алады және өзін көбірек түсінеді. Одан бөлек өнер адамға тартымдылық береді, яғни кез келген адам сізбен әңгімелесуден жалықпайды. Баланы ата-анасы жастайынан өнерге жақын етіп өсірсе, оған өмірлік сарқылмас азық берді деген сөз.
Ғылым. Оның әсері де өнер секілді, бірақ құрамдас бөліктері күрделірек болып келеді. Математика кез келген істі есеппен шешуге мүмкіндік берсе, биология өз денеңнің жұмыс үдерісін түсінуге жағдай жасайды.
Еңбекпен келіп, естелікпен қалған әр іс ләззатты әрі қадірлі. Тіге білу, тоқи білу, сурет салу – белсенді өмірдің құнды бөліктері. Сондықтан, осындай пайдалы істерге әуестенейік.