«Мұзбалақ» – мақсаты сан қилы команда

"Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауына қатысушылар өз мақсатына жету жолында аянбай тер төгіп келеді. Қатысушылардың жазбаларының сапасы да жақсарып жатыр. Бұл – сайттың алға қойып отырған мақсаттарының алғашқы нәтижелері. Бүгін байқауға қатысушы команда мүшелерінің мақсаттары туралы айтамыз.

Байқауға қатысушылардың алдына қойып отырған мақсаттары әртүрлі. Бірі Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатса, екіншісі тіл үйренуді, үшіншісі саяхаттауды, төртіншісі тілші болуды, бесіншісі кітаптар оқуды мақсат тұтып отыр. Алдына ерекше мақсат қойып отырғандар да бар. Кей команда мүшелерінің мақсаттары ұқсас болса, кейбіреулерінікі мүлде әртүрлі. 

Шерхан Талап жетекшілік ететін «Хан Tengri» командасының мүшелері алдарына түрлі мақсат қойып отыр. Десе де, көпшілігі тілші болу, кітап оқу мен ҰБТ-ға дайындалу секілді мақсаттарға ұмтылып отыр. Сондай-ақ, бұл топта сурет салып, тағам жасауға құлшыныс танытып отырғандар да бар екен. Ал енді біреулері әңгіме жазып, қаламын ұштағысы келсе, енді біреуі тіл үйренуді мақсат тұтып отыр. Мерей Әділқызының өнері (Шерхан Талап портретін салған) оқырмандарын таңдандырып үлгерді, бұл топтан бірінші апта қорытындысы бойынша Дәулетбақ Муятов жекелей рейтингте көш бастап келеді.

Қыздардан құралған Қарлыға Бүйенбайдың «Томирис» тобы – байқауға қатысушы ең жас команда. Бұл команда мүшелері тіл үйрену, кітап оқу, тағам дайындау, шаш, тырнақ күтімдерін жетік меңгеру секілді мақсаттарға жетуді көздеген. Бұл топта ерекше мақсат қойып отырған арулардың бірі – Назым Сапарова. Ол төте жазу, суда жүзу мен көлік айдауды меңгергісі келеді.

Бірінші апта қорытындысы бойынша көш бастап келе жатқан «Эрудит» командасының мүшелерінің де талпынысы ерекше. Олар ҰБТ-ға дайындық жолында тер төгу, тіл меңгеру, кітап оқу сынды мақсаттарды көздеп отыр. Ал бұл топтың (жетекшісі - Жолдас Өрісбай) Гауһар Орынбасар атты мүшесі қағазды бүктеп түрлі бұйымдар жасауды (оригами) үйренгісі келетінін айтса, Айзере Рахманбердиева киригами өнерінен білгенін ары қарай дамытуды көздеп отыр.

Нұрбол Нұрмаханұлының «Парасат» тобы да «Томирис» секілді тек қыздардан құралған. Бұл топ мүшелері де өз мақсаттарына жетудегі алғашқы қадамдарын бастап кетті. Олар алдарына кітап оқу, ҰБТ-ға дайындалу, тіл үйрену, актриса болу сынды мақсат-міндеттерді қойып отыр. Ал бұл топтағы Алтынай Жырғалбай болса бес ұлттың биін меңгеруді мақсат тұтып, ерекше жол таңдаған.

Мақсаты әрқилы команда - «Мұзбалақ». Ербол Жұмабайұлы жетекшілік жасайтын топ мүшелерінің мақсаттары сан қилылығымен ерекшеленді. Мәселен, Аяжан Бәзілжанова бөлме өсімдіктерін күту және өсірумен айналысатынын айтса, Мәлік Сейтбек өз білімін ұштап өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасаумен айналысуды көздеп отыр. Жадыра Марат болса жаздың соңына дейін 7 түрлі тағам әзірлеумен қатар, еліміздің көрікті қалалары Астана мен Көкшетаудан қызықты ақпараттар жинаумен айналысуды мақсатының алдыңғы қатарына қойған. Лунара Аманғалиева алдымен ҰБТ-ға дайындаламын десе, Жұлдызай Мұсаева журналистикаға оқуға түсумен қатар, Астананың көз жауын алатын көрікті мекендерінен фоторепортаж ұсынуды мақсат тұтып отыр. Зелимхан Жолдасов спортқа әуестігін танытып, 100 метр қашықтықты 12 секундта бағындыруды басты меже ретінде қойған. Сондай-ақ, тағам жасау, тіл меңгеру мен футбол финттерін үйренуді де мақсаттарының қатарына қосқан. Ал Ақерке Ашимақын болса жеке декорациялық бұйымдар жасап, оны оқырмандар назарына ұсынбақ.

Ескерту ретінде айта кетейік, осы аптадан бастап байқауға қатысушылар жазбаларына жазылған пікірлер, көрілім мен лайк көрсеткіштері сенбі күні түнгі сағат 00:00-де тоқтатылады. Одан кейінгі көрсеткіштер есептелмейді.