- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мұғалімнен қажет білімді...
Мұғалімнен қажет білімді талап ету әбестік емес
Мектеп өмірі мәнсіз болып жүр ме? Өтілетін пәндер қызықсыз ба? Білім беру жүйесі дәстүрлі әдістен алысқа ұзай алмай жүргені шындық. Қара тақтаға ақ бормен шимайлап түсіндіру әдісі әлі де бар. Қазіргі заман талабына жүгінер болсақ, оқушыны жалықтырып алу оның немқұрайлылығына әкеліп соғады.
Бүгінгі таңда күнтізбелік жоспар немесе сабақтың өту әдісіне көз салар болсақ, жаттығулар жүйесі жаттанды болып көрінеді. Жай ғана интерактивті тақтаны немесе көрнекілікті қолдана отырып білім беру бүгінгінің талабына сай емес. Төменгі сынып оқушылары үшін тың идея қажет. Оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру мақсатында түрлі білім беру әдістері қолға алынған. Ол үшін тек мұғалімнің дайындығы аздық етеді. Оқушылар қауымы да өзіндік ой-толғаныстарымен бөлісе отырып, ойын түрінде болсын, дидактикалық сұрақтар арқылы болсын сабақтың қызықты өтуіне ат салысуы шарт.
Сабақты талапқа сай өткізу арқылы өзіміздің коммуникативтілігімізді, белсенділігімізді, пікір алмасу, ой бөлісу деңгейімізді арттыра аламыз. Бар жауапкершілікті мұғалімге артып қою дұрыс емес. Оқушылар тарапынан рефлексивті сұрақтар қойылып, риторикалық ойтолғамдар айтылса, мұғалім де жаңа тақырыптың мәнін ашып, тыңғылықты білім беруге кіріседі. Америкалық Гудлат есімді ғалым білім берудің "Сын тұрғысынан ойлау әдісін" жарыққа шығарған. Дәл осы әдіс арқылы бір-бірімізбен пікір алмаса отырып, білімімізді одан әрі толықтай дамытуға болады.
Топ-топқа бөлініп:
– "Кубизм стратегиясы",
– "Синквейн жазу ережесі",
– "Ирек стратегиясы",
– "Болжам стратегиясы",
– "Диаграмма сызып салыстыру әдісі" арқылы қырық бес минутымызды қызықты өткізуге болады. Мектеп өмірі білім алудың ең бастапқы баспалдығы болса, сол баспалдаққа міну өз қолымызда. Оқушы тарапынан талап қойылса, мұғалім ешқашан қашпайды. Керісінше, өз мамандығына деген құштарлығы оянып, білім беруге бел шешіп кіріседі.
Әйтпесе, бүгінгі мектеп өмірі түсінбейтін теоремалар мен аксиомалардан арыла алмай әлек. Жаттанды сабақ айту қалпы да әбден қалыптасып болған. Ел тізгінін ұстар болашақ жастар жан-жақты сауатты, бәсекеге қабілетті, жауапкершілікті сезіне алатын болуы қажет. Ұстаздан өзің қалаған білімді қажет ету әбестік емес.
Керісінше, өзің қаламаған білімді игеру – болашағыңа балта шабумен тең. Сол үшін де жаңашылдыққа жақын болайық!
Ә. Жутаева