- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мұғалімдер енді "массовкаға"...
Мұғалімдер енді "массовкаға" қатыстырылмайды – Аймағамбетов
Білім министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді іс-шараларда қосымша қызметкер ретінде тартылмайтынын айтты.
"Мұғалімдерді іс-шараларда қосымша қызметкер ретінде тартуды тоқтату. Барлық іс-шаралар, және бұл туралы Елбасының өзі де бір емес, бірнеше рет айтқан, ұстаздарымыздың міндетті түрде қатысуымен өтті. Меніңше, біз мұндай жосықсыз әрекеттерді іс жүзінде тоқтаттық. Мұғалімдерді әдеттен тыс қызметтерден босату шаралары қабылданды.
Мемлекет басшысының қолдауымен мұғалімдер әдеттен тыс есептер мен қызметтерден босатылды, енді мұғалімдер министрліктің бұйрығына сәйкес күнделікті екі құжатты ғана толтыруы керек, біз бұл жұмысты сіздермен бірге жалғастырамыз", - деді Аймағамбетов.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мамандықтың мерейін өсірген "Педагог мәртебесі туралы" заңның жүзеге асуының сәттілігін атап өтті.
"Бүгінде ұстаздар еңбегі үшін лайықты жалақы алып отыр. Соның нәтижесінде мектептің үздік түлектері мамандық таңдауда педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беретінін көріп отырмыз", - деді ол.
Соған қарамастан, Тоғжанов 2021 жылдан бері 75 мың мұғалімнің біліктілігін арттыру курстарынан өткеніне, алайда бірінші жартыжылдықтағы ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижесі көңіл көншітерлік емес екенін айтады.
Оның айтуынша, бұл мәселені мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін бір бағыт бойынша біріктіретін мұғалімдердің республикалық бірлестіктерін құру арқылы шешуге болады. Бірлестікке қатысу мұғалімдерге бірегей интеллектуалды ортаға енуге мүмкіндік береді.
Т. Раушанұлы