Жоқшылықта өскен бала қара нанның қадірін біледі. Өзіне бұйырған әр сыйды бағалап, жоқтан бар жасауды үйренеді. Осы секілді бір нәрсенің жетіспеушілігінің арқасында адамзат үшін құнды талай туынды дүниеге келген еді. Олардың бірі жақын күндердің бірінде прокатқа шыққан – «Миньондар» мультфильмі.
Бір қарағанда өзгеге тигізер зияны жоқ, ақкөңіл «миньондар» топ болып өмір сүреді. Барлығы бірігіп алып, өздеріне лайық басшы табуды мақсат тұтады. Ең қорқынышты деген құбыжықты іздейді. Бір қызығы, қорқынышты құбыжықты тапқан кезде, оны байқаусызда өлтіріп қоя береді.
Миньондар Ресейдегі соғыста Наполеонның жақтаушысы болып жеңіліс тапқан соң Солтүстіктегі үңгірлердің бірін мекендейді. Бұл жерде ешкім тиісіп әуре болмайтындықтан, күйзеліске түседі. Көңіл-күйлері түсіп, өмірге еш қызықпайтын болады. Алайда бұл бассыздыққа нүкте қоятын жандар табылады. Олар – қайсар мінезді Кевин, өзімшіл Стюарт және кішкене ғана Боб. Үшеуі шаршы топтан суырылып шығып, өздеріне «патша» болуға лайық жанды іздеуге кіріседі. 1968 жылы Нью-Йоркке жетіп, сол жерде Скарлетт Оверкилл есімді жауыз әйелдің барын біледі. Қандай жағдай болмасын оны өздеріне басшы етіп тағайындауға тырысады.
Фильмде жалпы 899 миньон бейнеленген. Олардың барлығын картинаның режиссері Пьер Коффин дыбыстайды.
Естеріңізде болса, «Мен жаман» мультфилімінің суреттері 2010 жылы салынған болатын. Осы кезде америкалық Illumination Entertainment студиясына жұмыс істеп жүрген француздық аниматорлар Грюдің армиясының болғанын қалаған екен. Өкінішке орай, қосымша сапалы суреттер салдыруға қаржылары жетпейді. Сондықтан суретшілер оңай әрі қаржыны көп талап етпейтін миньондарды салуды жөн көреді. Артынша бұл ерекше жаратылыстар кішкене көрермендерге ұнап, авторлар олар туралы жеке туынды түсіреді.
Арада бес жыл өтіп, «Миньондар» прокатқа шығады. Біріне ұнаса, енді бірінің көңілін қалдырады. Тарабарлық сөйлеу мәнері, бас істі бүлдіріп алып, артынша сүттен ақ, судан таза болып шығу қабілеттері ерекше тамсандырады.
Миньондар миллиондаған жыл өзгелерге табынып келгендіктен, сөздік қорларынан түрлі сөйлеу мәнерін кездестіруге болады. Мысардан бастап, ағылшын диалектісіне қатысты сөздер бар. Авторлар мультфильмдегі көп сөзді «экзотикалық» мейрамханалардың мәзірінен алған екен.
Салыстыратын болсақ, «Мен жаман» фильміндегі Грю жаман болса да, өзгелерге жанашырлық танытатын кездері болған еді. Ал фильмдегі миньондар барлығына бей-жай қарайды. Оны әлі оңы мен солын танып үлгермеген балалар көретіндіктен, басты кейіпкерлердің бойына адамгершілік, мейірімділік сынды қасиеттерді енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Скарлет Оверкиллдің жағдайы өзгеше. Ол өзін барлығы құрметтеп, жақсы көрсін деген ниетпен британдық патшайымның тәжін ұрлағысы келеді. Бір қызығы, оны онсыз да барлығы жақсы көреді.
Мультфильмде ұлттарға қатысты әзілдерді де көрсете білген. Нью-Йоркке келген кезде, президент Никсонның күлкілі суретін көреді. Лондонда Елизавета патшайымды жолықтырады. Британдық астана сол қалпында бейнеленген.
Мультфильм жасы үлкендер мен кішілердің де көңілінен шығатын сыңайлы. Ең бастысы, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көкейге ой салады. Жаман істің арты жақсылыққа апармайтынын үндейді.