"Ментал арифметика" әдісінің балаға зияны бар ма?

"Ментал арифметика" әдісінің балаға зияны бар ма?
Фото: www.unikaz.asia

"Ментал арифметика" - абакус деп аталатын арнайы есептеу тақтасымен тез санауды үйрететін әдіс. Осы тақта арқылы балалар сандарды қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдарын, сонымен қатар, санның түбірін табу, пайызын шығаруды үйренеді. Балалар әуелі шоттағы тастарды қозалту арқылы есептесе, кейін осы шотты көз алдына елестете отырып есептеуді үйренеді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі.

Әдіс туралы, оның қалай оқытылатынын, Алматы қаласында балаларға осы әдіспен есептеуді үйретіп жүрген Арайлым Еламановадан сұрадық. Ол жаңа саланың пайдалы жақтары мен оқытылу ерекшеліктерін айтып берді. Мұғалімнің айтуынша, балаларды оқыту мерзімі олардың жас шамасына байланысты анықталады. Мысалы, мектепке барып жүрген оқушылар бірінші деңгейді 1-2 айда үйреніп алса, 4 жастан 6 жасқа дейінгі балалар осы деңгейді 2-3 айда меңгереді. "Оқытудың тағы бір ерекшелігі - мектепке дейінгі балалар аптасына 1 сағаттан екі рет келеді, ал үлкендері аптасына бір рет келіп, екі сағат бойы оқиды. Кішкентай баланың миына бір мезетте көп жүк түсірмеу үшін оқыту барысы осылай ұйымдстырылды. Он деңгейді толық меңгерген бала кез келген амалды оңай орындайтын болады", - деді Арайлым Еламанова.

Елімізге бірнеше жыл бұрын келген жаңа әдістің балаға қалай әсер етіп жатқанын екі баласын бірдей осы үйірмеге берген алматылық Айнұр Есжан айтып берді. "11 және 13 жастағы екі қызымның бұл үйірмеге барып жүргеніне бір жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде әдістің тек пайдалы жақтарын көріп жатырмыз. Екі қызым да бұған дейін сабақты 4 пен 5-ке оқитын. Қазір екеуі де оқуда озат. Мектептегі мұғалімдері олардың сабақ үлгерімінің айтарлықтай жақсарып, зейіні ұлғайғанын, шығармашылық қабілетінің артқанын үнемі айтады. Қазір 3-ші деңгейде. Екеуінің де он деңгейді толық меңгеріп шыққанын қалаймын" - дейді Айнұр Есжан.

Алайда мамандардың пікірі бұған қайшы келіп отыр. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың математика пәні бойынша аға оқытушысы Жарасбек Байшеміровтің айтуынша, бұл әдіс керісінше, баланың шығармашылық ойлау қабілетін шектейді. "Біріншіден, "ментал арифметика" әдісі логикалық тұрғыдан балалардың шығармашылық ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Cебебі бұл әдісті меңгерген бала есепті ойлану арқылы емес, жаттанды түрде шығарады, яғни бала автоматты түрде бір шаблонның аясында ғана ойланады. Бұл оқушының миына белгілі бір бағдарламаны енгізіп қойғанмен тең. Бала шығармашылық тұрғыда ойланбай, дайын алгоритммен жұмыс істейді. Бұл - негізгі кемшіліктері. Ал пайдалы жағына келсек, осы әдістің арқасында балалар математиканың күрделі пән емес екенін түсініп жатыр", - деп қорытындылады сөзін математика пәнінің оқытушысы.

Ал психолог Сая Бақымова әдістің педагогикалық тұрғыда оқытылу барысына сын айтты. Ол мектепке дейінгі балалардың миына салмақ түсіру мүлде дұрыс емес деп есептейді. "Балаларын мұндай оқуға беріп жатқан ата-ана бірінші ретте ондағы мұғалімнің кәсіби деңгейін білуі керек. Балалармен жұмыста педагогикалық білімді маңызды деп санаймын. Ал балаға пайдалы ма деген сұраққа келсек, әрине мұндай жүйе баланы жинақылыққа, зейінін дұрыс қалыптастыруға көмектеседі. Дегенмен мұндай үйірмелерге оқу жасындағы балалардың барғаны дұрысырақ. Себебі мектеп жасына дейінгі балалардың миы мүлдем басқа ортаны керек етеді. Мұндай балаларға белсенді дене жаттығулары, көз алмасы мен қарашығын белсенді қимылдататын ойындар керек. Жас ерекшеліктеріне, физиологиялық сұраныстарына байланысты мидың ассоциациялық қыртыстарын емес, маңдайалды бөліктерін дамытуға арналған жұмыстардың жүргізілгені дұрыс", - деді ол.

Біз өз кезегімізде "Ментал арифметика" әдісін үйрететін үйірмелердің жұмысы қаншалықты бақыланатынын, үйірме ашу кезінде қандай мамандармен жұмыс атқарылатынын анықтау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігіне арнайы сауал жолдаған едік. Берілген жауапты "Білім туралы" Заңға сәйкес, жалпы білім беретін мектепте бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің оқу бағдарламалары, сондай-ақ, білім алушыларға қосымша білім беру бағдарламалары іске асырылатыны айтылады. "Министрлік Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен  Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес жалпы орта білім беретін мектептерге арналған үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларын әзірлеп, бекітеді. Осы үлгілік оқу бағдарламасының мазмұны әрбір пән бойынша базалық білім беруге бағытталған да,  ал "Ментал арифметика" қосымша білім беру болып табылады", - делінген министрліктің жауабында. 

"(...) Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарына балалар ерікті түрде қабылданады, яғни қосымша білім беру бағдарламасы шартты негізде, ұйым басшысы мен ата-аналар арасында келісім шарт арқылы реттеледі. (...) "Ментал арифметика" үйірмесі сабақтан тыс уақытта балалар мен олардың ата-аналарының таңдауына сәйкес білім беру және мәдени қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында жүргізілетіндігін мәлімдейміз", - делінген министрліктің жауабында.

Бұдан түсінетініміз, бұл әдісті қосымша білім беру ұйымдары министрліктің қатысуынсыз, яғни өз тарапынан оқытады. Мәселенің тоқетері - әдісті оқыту мемлекет тарапынан бақыланбайды, ал мамандар жоғарыдағыдай екіұшты мәселенің шетін шығарып отыр. 

ТҮЙІН. Соңғы кезде мақтаулы болып жүрген "Ментал арифметика" әдісі баланың білім алуына теріс ықпалын да тигізуі мүмкін екен. Сондықтан, баласын мұндай үйірмелерге беретін ата-ананың әдістің оқытылу бағытына, оқытатын адамның тәжірибесіне мән беріп, олармен қатар баласының жетілуін бақылауда ұстағаны жөн-ақ.

Мақпал Бисембаева

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін