Бір директордан естігенім бар еді:
- Мен балаларды қатал өмірге дайындағанды қалаймын. Төбелессе-төбелессін, еркіне жіберемін. Бала таяқ жегенді білсін, ұрып үйренсін! - дейді. Сол мектептегі балалар арасында «дедовщина» байқалатын.
Біз шәкірттердің бір-бірінің жанын-жараламауын, намысына тиетін сөз айтпауын қадағаладық. Үй жағдайына, киіміне қарап кемсітуге тыйым салдық. Аға-інілі қамқорлық қатынасты сіңіруді жөн көрдік.
Сабақты жақсы оқитын баланы әр мұғалім ұнатады. Нашар оқушыны нағыз мұғалім ұнатады. Ұзақ уақыт көрген қорлық жауызды тәрбиелейді. Бесінші жылдықта Құрмаш – тентек, жаман оқушы атымен келген бала (Аты өзгертіліп алынды). Сабақта үріккен лақ секілді көзінің аласымен қарап, көп тиісіп, көп күліп отыруға әдеттенген. Оқудың бәрібір миға «қонбайтынына» сеніп қалған.
Құрмаштың тентектігі аяныш туғызады. Өзін сабақта жақсы көрсете алмаған баланың амалдары ғой. Тентектік баланың намысынан туады. Намысы да жоғалса, ол баладан не қалады? Ал тентектіктің себебін түсіне алмаған мұғалім оны осы қаруынан айырғысы келеді. Тентек балаға тіпті көп көңіл бөлінуі керек.
Ал сонымен Құрмашты басқа балалардың кемсітуінен қорғау керек болады. Бір күні үзілісте қып-қызыл болып ұрысып тұрған Құрмаш көрінді. Қасындағылар тап-тап береді. Әке-шешесі алыста, оны балалар біледі. Ылғи да Құрмаш кінәлі боп үйренген болса керек, тіпті басынбақ ойлары бар. Қасына барғанымда:
- Қараңызшы, Алма бибі, мына Құрмаштың не сөз айтып тұрғанын! - деп шу ете түсті.
«Жыласа кімнің аузы қисаймайды» дегендей, ол да еселі сөзін жібермеген болу керек. Жиналған топ Құрмашқа ұрысуым керек деп ойлайды. Тек шетте таман тұрған Айдарбек қана жаны ашып, не ақтай алмай, не көпке топырақ шаша алмай дағдарыста тұрғаны білінді. Құрмаш көзі жыпылықтап:
- Өздері бірінші тиісті! - деп айқайлайды. Кіп-кішкентай баланың тамыры адырайып, көзі алайып кетіпті. Пенде өзінен зорға кездесіп, шамасы келмейтінін білгенде, әлдебір күшпен соңғы демін жиып, айқайлап қарсы ұмтылады ғой, сол сияқты. Жұдырығын түйіп алған. Өзін Құрмаштан гөрі тәуір оқимыз дейтін бір-екі бала оның аузын аштырмай, көзіне-көзін тақап ұрысады. Мінеки, баланы жақсы оқушы, жаман оқушы деп бөлген жерден жаман оқушының трагедиясы басталмақ.
Мен есімді жиып, Құрмашты иығынан құшақтап, Айдарбектің жанына әкелдім де:
- Айдарбек, әлсізге күш көрсетудің ең жаман іс екенін білесің ғой. Бұдан былай мына Құрмашты қорғап жүрші. Құрмашты өзім жақсы көремін. Ешкім тиіспесін, - дедім.
Айдарбек өзі де аяп тұр екен, қолдай кетті.
- Жүр, Құрмаш, - деп, дәрісханаға бастады. Құрмаш көзінен домалаған жасын жұдырығымен білдірмеген болып үйкелеп жіберіп, алға түсті. Кішкентай иығы бүлк-бүлк етеді. Бұдан былай Айдарбектің ағалық қамқорлығында болды.
Баланың жан дүниесін бірінші орынға шығармасақ, намысын таптаумен берген білімнің қандай құны бар?
Құрмаштың бейнесіне кейін көп өзгерістер енді. Үзілісте жүгіріп кеп, қол алысып амандасқанды тәуір көреді. Хал сұрайды. Би кешіндегі ойындарда өз жылдығының (сынып) намысын қорғап, бірінші орын алып береді. Басын көтеріп, адамдық қасиетке кірді. Вальсте екеуіміз қыздарды биге шақырамыз. Сол қолын артына ұстап, оң қолымен алға ұмсынып, құйтақандай тізесін бүгеді. Ондай мәдениетті жігітті кім жек көрсін!
Автор: қазақтың көрнекті ғалымы, ф.ғ.д., профессор Алма Қыраубайқызы
Сурет: nis.edu.kz