- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектептегі махаббат ...
Мектептегі махаббат
Бәріміз білетіндей махаббат жасқа қарамайды. Әсіресе өтпелі кезеңдегі махаббат. Дәл осы кезеңде ұл балалар мен қыз балалар алғашқы ғашықтық сезімін басынан өткереді. Бұл өмірлік сынақтардың бірі десек те жаңылмаймыз. Ал бұған ата-аналар мен ұстаздардың көзқарасы қандай?
Бір қызығы жасы үлкен аға-әпкелеріміз біздерді алғашқы махаббаттың, яғни мектептегі махаббаттың жалған екеніне сендіреді. Оның бар болғаны басымыздан өтуі тиіс ғашықтық сезімі екенін айтады. Олар мектеп қабырғасында шынайы махаббатқа орын жоқ деп ойлайды. Әрине барлығы емес. Алғашқы пікірді жақтаушылар мектепте арман, қиял сынды дүниелерді шетке ысырып, оқу керектігін меңзейді. Мұнымен қатар, мектеп жасындағы ғашықтар бір-бірімен ренжіскен кезде өздеріне қол жұмсауы мүмкін.
Психолог мамандар қай жастағы оқушы болсын оның сөзіне сенуге, оны тұлға ретінде қабылдауға кеңес береді. Себебі, үшінші сыныптың баласының өзі Қыз Жібек пен Төлеген, Ромео мен Джульетта сынды ғашықтардың есімін біліп, өз махаббаты үшін күресуге дайын тұрады. Балаға тыйым салған сайын ерегісе түсетіні тағы бар.
Ата-анамыз өмір сүрген заман өзгеше болатын. Олар үшін махаббат құдіретті күшті сезім деп танылатын. Әзір де бұл сезімнің бағалы екені рас. Алайда психолог мамандардың айтуынша, 13-14 жастағы бала «Ғашық болып көрмедім» деп айтуға ұялады екен. Яғни бүгінгі таңда ерте есею құбылысы байқалады.
Мектепте тұтанған ғашықтық оты үлкен өмірге қадам басқанда да ұласса жақсы. Егер бір сәттік алдамшы сезім болса, оның кері әсерінен өзге берері жоқ. Біріншіден, суицидке әкеліп соқтыруы мүмкін. Әдетте оқушы өз-өзіне қол жұмсау әрекеті арқылы айналасындағыларды өзіне қаратуды мұрат тұтады. Алайда осы әрекеті арқылы шын мәнінде өліп кетуі мүмкін екенін түсінбейді. Махаббат сезімін бастан алғаш рет кешіріп отырғандықтан, қиын ситуацияда қалай әрекет жасау керектігін білмейтіні тағы бар.
Екіншіден, сабақ үлгерімі нашарлайды. Адам өмірінде шаңырақ көтеріп, тұрақты отбасымен қамтамасыз етулуден асқан бақыт жоқ. Сүйген жар мен құрсақтағы баланы ешкім де, еш нәрсе де алмастыра алмайды. Бірақ бала күнімізде миымыздың ақпаратты қабылдап, жылдам өңдейтіндігін де ескеруіміз керек. Яғни он бір жылдық білім бізді өзімізді басқаруға, тәртіпке бағынуға үйретеді. Сол себепті, әр нәрсе өз орнымен болғаны жөн. Ал көзі ашық, көкірегі ояу азамат есейген шағында өзіне лайық жар таңдайды.
Ең алғашқы махаббаттың партадан басталатыны рас. Ол ғашықтық сезімін өзім де өткердім. Мәңгілікке ұласатынына сеніп, өз әлемімді құрастырдым. Алайда үлкен өмірге қадам басқан кезде мұның барлығы ұмыт болып, жүрегіңнің түкпірінде бұғып қалатын тәтті естелікке айналды. Есесіне өмірлік тәжірибем болып қалды.
Ал Сіздің алғашқы махаббат туралы ойыңыз қандай? Оның мәңгілікке ұласатынына сенесіз бе?
Сурет: unegregiousness.rssing.com
Қ. Бүйенбай