Мектептегі достық маңызды ма?

Қызығы мен қиындығы көп мектеп өміріндегі достықтың қадірі қандай? Көпшілігі студенттік жылдарға ауысқанда мектеп өміріндегі достық есте қалмайды деседі. Енді біреулер, керісінше, мектеп өміріндегі достыққа жетер ештеңе жоқ дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

Шындығында, 11 жыл бойы бір сыныпта оқып, еш араздаспай жарты ғасырдан астам уақыт бойы ғұмыр кешкен сыныптастар өте көп. Керісінше, мектеп бітіргеннен кейін ешқандай сыныптастарымен араласпай кеткендер де жетіп артылады. Сіз қалай ойлайсыз? Мектептегі достық маңызды ма?

1. Мектеп өмірінде үй тапсырмасын ешкімге бермей, тек қана өзгеден озат болуға тырысудың қажеті жоқ. Себебі ол қағида кейін де қаныңызға сіңіп қалуы мүмкін. Жылдар өткен соң сыныптастарыңыздың жадында қызғаншақ, өзімшіл бейнеде қалып қоясыз. Кездесулерде үнемі осы әрекетіңіз айтылып жүреді. 

2. Парталас көршіңізбен үнемі жақсы қарым-қатынаста болуға тырысыңыз. Оқулықпен бөлісіңіз, одан да өзге мектеп құралдарын бірге пайдалана біліңіз. Мектеп өмірінің қызық тұсы да – осы.

3. Қоғамдық жұмыстарда сыныптастарыңызбен бірге ұйымшылдық танытыңыз. Кез  келген тапсырылған жұмысты мұқият атқарыңыз.

4. Көпшілік болып ұйымдасқан дүниеден бас тартпаңыз. Қарсы шықпаңыз. Уақыт өткеннен кейін сіздің екерше қылықтарыңыз үнемі жаман қырынан  айтылып отырады.

5. Қыздарды үнемі сыйлап жүру керек. Ер балалар арасында қаншалықты дөрекі болсаңыз да, қыздарға келгенде бұл әдеттен арылу керек.

6. Керісінше, қыз балалар ер-азаматтарды сыйлауы шарт. Сыныпта ер баламен ұрысқаннан еш пайда жоқ.

7. Сыныппен отырыс немесе көкке шығу сынды шаралардан қалмауға тырысыңыз. Әр отырыс естелікке толы болатыны сөзсіз. Кейін суреттерді ақтарып отырғанда сіздің болмауыңыз ұмыт қалуыңызға себепші болады.

8. Сынып жетекшісін сыйлай білу керек. Жаман ұстаз болмайды. Мұғаліммен қарым-қатынасыңыз қаншалықты жақсы болса, ол кісі де сынып үшін көп жағдай жасайды.

9. Біреудің кемшілігін немесе қателігін сынып жетекшісіне жеткізіп бару – өте ұят іс. Ол адам өзі мойындайды немесе үнсіз қалуға тиіс нәрсе болса, ешкімге айтылмағаны да жөн. Кейін балалы-шағалы болғанда, "красный", "ашық ауыз", "тоқылдақ", "сатқын" деген есімдердің тіркесіп жүруі жақсы емес.

10. Сабақ оқумен қатар кез келген сыныптастың естелігінде жүруге тырысыңыз.

Көп жағдайда өте ұйымшыл сыныптастар ұзақ уақыт бойы бірге оқыған, көптеген қызықты бастан өткерген  адамдардан құралады. Олар түгел 30 немесе 25 болмауы да мүмкін. Десе де, жақын араласатын 10 сыныптасыңыз болса, оның өзі зор жетістік. Сондықтан, сыныптасқа сыйлы болыңыз.