Неге екен белгісіз, көпшілігіміз мектеп жылдарын еске алғанда, алған білімімізді емес, қатаңдықты, құрметсіздік пен сөгісті еске аламыз. Тіпті, бір кездері сабаққа деген қызығушылықтың болмауы да осындай жағымсыз жайттармен байланысты ма деп те қаламыз. Әрине, барлық мұғалім оқушыларға "нашар үлгі" болмады. Бірақ мектептен бойға сіңірген кей дағдылар бар.
Оқушының жеке пікірі маңызды емес
Кей мұғалім өзінің ойын ғана балаға дұрыс деп түсіндіріп, оның жеке пікірімен санасқысы келмейді. Мысалы кей әдеби шығармадан мән іздеп, оны оқушыға автор осылай жеткізгісі келді деп түсіндіреді. Бірақ бала оны оқығанда мүлде басқа нәрсе түсінуі мүмкін. Сол себепті мектепте баланың ойына да мән беру керек.
Баға маңызды
Баға арқылы баланың болашағын айқындайды. Егер 3 алса, ол баланың болашағы бұлыңғыр. Осындай стереотип мектеп қабырғасында қалыптасқаны жасырын емес. Бірақ баланың болашағын баға емес, оның талпынысы айқындайды.
Тек үлкендерді тыңдау
Қарсы сөйлемеу және олардың айтақанының бәрі дұрыс. Бірақ ересек адам болғанымен, саналы адам болмауы мүмкін. Бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ерте жастан анықтап білу керек. Баланың ісі дұрыс болса да, жасына бола сөгіс естісе, ересектерге деген сыйластық болмайды.
Оқу емес, сырт келбет маңызды
Боялған шаш пен тырнақ, жіберілген шаш, тіпті кей мектепте қыздардың классикалық шалбар кигені үшін ұрыс естігені бар. Бірақ ол адамның өзін-өзі қоғамға көрсетуі. Мектепте ереже бар, бірақ ол бала құқығын таптамауы тиіс.