Өскемендік оқушылар мектептерінде сатушысы жоқ шағын дүкен ашты.
Сауда сөресіне бірнеше сусын және тәтті тағамдар қойылды. Ал есігіне тауарлардың бағасы мен бұл қызметтің адалдықты тексеруге арналған әдіс екендігі түсіндіріліп жазылды. Талап бойынша кез келген тауарды сатып алғысы келген оқушы оның ақысын арнайы жәшікке тастап кетуі тиіс. Басында дүкен 20-30 пайыз шығынға ұшырған. Алайда кейіннен сатып алушылар өздерінің адалдықтарын білдіріп, тауар құнын жәшікке қалдырып отырған. Сондықтан жүйе өз нәтижесін берді. Алғашында тек ғылыми-зерттеу жобасы ретінде ашылған дүкен енді мектеп ішінде біржолата жұмысын жалғастыра бермек. Өйткені бұл бастаманың адамды жауапкершілікке әрі әділдікке баулитыны байқалған.
Айғаным Сейітова, мектеп оқушысы: - Бұл акция балаларды шыншылдыққа, өзін жақсы ұстауға, өтірік айтпауға үйретеді. Балалар осы жобаның аяғында өздері шыншылдықты үйренеді деп ойлаймыз. Салған қаржының барлығы 100 пайыз өзін-өзі ақтауда.
Дереккөз: 24.kz