Мектеп қабырғасында ғылыми және гуманитарлық бағыттан да басқа түрлі пән оқытылады. Мәселен «Өзін-өзі тану» сынды пән осы қатарға жатады. Мектеп – білім беруші ортаның ең алғашқы сатысы және қаланып жатқан үйдің ең бірінші кірпіші секілді. Алғаш құйған әрбір кірпішіңіз қаншылықты шыдамды әрі берік болса, білімнің де деңгейі сондай болмақ. Дегенмен мектеп қабырғасында қазіргі заманға сай төмендегі философиялық мәнге ие сабақтар оқытылмайды, бірақ оқытылуды талап етеді.
Қаржы (ақшаны қалай жинау керек)
Мектеп қабырғасынан бастап оқушы үлкен өмірге дайын болу үшін, теңгенің тиыннан екенін ескере отырып жинай білу керек. Бірақ қандай мақсатта, қалай жинау керек деген түсініктен бейхабар. Кезінде мұндай кеңесті ата-аналар айтып отыратын болса, қазір ол адамдардың балаға қарайтын уақыты жоқ. Оған себеп барған сайын дамып жатқан заманның өктемдігі. Сондықтан мектеп қабырғасында қаржы мәселесіне байланысты сабақтарды оқытуды ертеден бастау керек.
Саяси сауаттылық
Бұл пәнді оқыту жұмысы мектеп қабырғасынан басталып, оқушылардың саясаттан хабары болуы керек. Себебі саясаттағы терминдерді дұрыс түсінбейтін жастар қазір қоғамда түрлі арандауға ұшырап жүр. Мектеп қабырғасынан «партия», «оппозиция», «демократия» сынды биліктегі түрлі атаулар мен жүйелердің мәнін ашып, анық-қанығын көрсету керек әрі соған арнайы оқу құралын жасаған жөн.
Заң баптары мен адам құқықтары
Мектепте «Құқық» пәні оқытылады, бірақ ол жоғары сыныпқа өткен кезде ғана басталады. Тегінде заңды күн сайын оқыту, оқушылардың өз құқытарын білуін қадағалау керек. Заңды жақсы білу қоғамда жақсы адам болып қалыптасуға көмектеседі.
Өмір философиясы (өмірге деген көзқарас)
Жастар арасындағы суицид мәселесін қысқарта отырып, таза әрі шынайы өмір сүру үшін өмір философиясын арнайы сабақ етіп өткен дұрыс. Қоғамдақ, әлеуметтік басты мәселелерді айта отырып, олардан тиылу керектігін атап көрсету маңызды. Себебі бала енді жетіліп келе жатқан кезінде тәрбие берілмесе, буыны қатқан кезде оған сөз түгілі, таяқ та өтпейтін болады.