- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектепте қыздар қандай...
Мектепте қыздар қандай болуы керек?
Мектеп қабырғасында төменгі сынып қыздары жоғары сыныптың қыздарына қарап бой түзейді. Сол себепті, жан-жақты төменгі буынға ізгі дүниелерді көрсете білуіміз қажет. Қалыптасқан қағидаларды кейде есейген сайын орындағымыз келмей жатады. Мысалы, бантик тағу, биік өкше кимеу секілді дүниелерге көз жұма қараймыз. Есеюге асығамыз. Алайда, мектепте оқушыға лайықты жүрудің өзі кейін тәтті естелік болары сөзсіз. Қыз бала барлығына бірдей үлгеруі тиіс. Сабақ оқу, қоғамдық іс-шара, қосымша курстардың барлығына уақыт табуға болады. Қыздар қауымы қандай болуы керек? Психологтардың қыздарға кеңесіне жүгініп көрейік, ендеше...
1. Өз-өзіңізді жақсы көріңіз. Сонда өмір сүру әлдеқайда жеңіл болады.
2. Сөзбен емес, іспен жұмыс жасап үйреніңіз. Жауапкершілік артылса, орындауға асығыңыз.
3. Қарапайым болу керек. Кез келген адаммен сауатты да сыпайы сөйлесіп білу қажет. Қоғам ортасында қарым-қатынас орната білудің өзі – өнер.
4. Шамадан тыс боянудың қажеті жоқ. Бүгінгі заманда боянып білмеу де қыздар үшін ұят болмайды. Қандай жерде қалай боянған жөн екенін білсеңіз жеткілікті.
5. Жан-жақты болу керек. Ол үшін көбірек кітап оқығаныңыз жөн. Әнмен, бимен айналысқанның да артықшылығы жоқ.
6. Тым әлсіз де, тым қатал да болмау керек.
7. Жеңілтектіктен аулақ болыңыз. Сабыр сақтап үйреніңіз. Бала махаббаттың әсерінен кей қыздар артық кетіп жатады. Мектеп ішінде қазақы болмыстан аттамаған жөн.
8. Сабақ үлгеріміңізге көбірек мән беріңіз. Сабақты тұрақты оқитын адамды мектепте қашанда бағалайды. Ұстаздар да сабақ оқыған оқушыны құрметтейді. Өзгелер құрметтесін десеңіз, өзіңізді құрметтеп үйреніңіз.
9. Тазалыққа құмар болыңыз. Қыз баланың көрсеткіші – тазалық. Мектеп формасының сақталуы, қыртыс болмауы, бантиктің дұрыс тағылуы, аяқ киімнің таза болуы, шаш күтімі, тырнақтың боялмауы тазалықтың еншісіндегі ережелер.
10. Ұрысудан, дауыс көтеруден аулақ болыңыз. Сыныпта кей қыздар жанжалдасуға құмар болады. Дауласу дәреже емес екенін ұмытпағаныңыз жөн.
Мектеп қабырғасынан өзіңді аталған ережелерге сай тәрбиелей білсең, болашақта да қоғамға қажетті маман, үйде жақсы ана бола аласыз. Сізге қарап кей адамдардың бой түзейтінін ұмытпаңыз.