- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектепте жұмыс істейтін...
Мектепте жұмыс істейтін 5 робот
Оқу жылының қарсаңында оқушылармен қатар, роботтар да мектепке барады. Алайда шәкірт ретінде емес, ұстаз болу үшін. Роботты техниканың қарқынды дамуына байланысты білім жүйесіне машинаны кірістіру мәселесі де қолға алынуда.
Оңтүстік Кореяда роботтар ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін алмастырып, аудиторияға сабақ өткізуде. Ал Аляскада кей робот мұғалімдердің мектепке келмеуіне жағдай жасап жүр.
Математика пәнінің мұғалімі Nao
PS 76 Гарлем мектебінде француздық робот Nao балаларға математикалық қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі. Аталған машина бірнеше тілді танып, сөйлей алады. Ол оқушыларға тапсырманы орындап бермейді. Бар болғаны жанында отырып көмектеседі.
Аутизмге шалдыққан балаларға көмектесетін робот
Мұнымен қатар, Nao роботы ақыл-ес кемістігі бар балаларға қатарластарынан қалмай өмір сүруге көмектеседі. Оның мансап жолы 2012 жылы Бирмингем қаласының мектептерінің бірінде басталған болатын. Бастапқыда балалар оны көріп жүрексінсе де, артынша бойлары үйреніп, көмек сұрай бастаған екен.
Мектептен қашуды жақсы көретін оқушыларға арналған V Go роботы
V Go роботының арқасында оқушылар қатты ауырып, бір жерін жарақаттап алса да, мектептегі сабақты жібере алмайды. Веб камерамен жабдықталған роботты қашықтықтан басқаруға болады. АҚШ-да 6 000 доллар тұратын бұл роботты шамамен 30 оқушы пайдаланады. Осылайша V Go робот аққан ауруына шалдыққан 12 жасар техастық студентке қатарластарынан қалмай білім алуға көмектескен.
Ұстаздарды алмастырған роботтар
Оңтүстік Кореяның Масан қаласында мұғалімдердің орнына роботтар жұмыс істейді. 2010 жылдан бастап жергілікті үкімет ағылшын тілі сабақтарын жүргізу үшін роботтарды жұмысқа ала бастайды. Дәл қазір мамандар роботтарды үнемі бақылап отырады. Алайда болашақта техниканың барлық мүмкіндігін пайдаланып, роботтарға толықтай «еркіндік» беру мәселесі қарастырылуда.
Виртуалды мұғалімдер
Оңтүстік Корея – роботтарды ұстаз ретінде пайдаланатын жалғыз ел емес. Алясканың Кадьяк аралында ұстаздар оқушылармен видео чат арқылы сөйлеседі. Аталған байланыс роботтардың басына орнатылған iPad арқылы жүзеге асады. Мұндай бір робот 2 000 доллар тұрады. Мектеп 2014 жылдың басында мұндай роботтың 10 данасын сатып алған болатын.
Қ. Бүйенбай