- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектепте жақсы оқу...
Мектепте жақсы оқу үшін не істеу керек?
Сабақта жақсы баға алу үшін қандай шаралар қолдануымызға болады? Бір қызығы, адам қаншалықты көп істі жоспарласа, соншалықты көбірек жұмыс жасап үлгереді. Бірнеше үйірмеге қатысатын оқушы, әдетте, сабағын оқып та, теледидар көріп те, достарымен қыдырып та үлгереді. Ал сабағын орындағаннан кейін белгілі бір нәрсемен айналыспайтын оқушы үй тапсырмасын орындап та үлгермейді. Мұның себебі неде? Себебі – жинақталмаушылық. Оқушы мектептен келген соң алда жарты күн бар екенін ескеріп, үй тапсырмасын жасап үлгеремін деп ойлайды. Нәтижесінде, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамайды. Аяулы оқушы, есіңізде болсын! Қаншалықты көп істі жоспарласаңыз, соншалықты көп іске үлгересіз.
Сонда сабақ үлгерімін жақсарту үшін не нәрсеге назар аудару керек? Төменде осыған байланысты бірнеше мысал келтірдік:
1. Ең алдымен, жалқаулыққа «Қош!» деуіміз керек. Мұнсыз жақсы оқу қолдан келмейді.
2. Күніңізді алдын ала жоспарлап, үйірмеге жазылыңыз. Күніңізді сабақтан соң кем дегенде 1 сағат бойы басқа іспен шұғылданатындай етіп жоспарлаңыз.
3. Әрдайым үй тапсырмасын орындаңыз. Тіпті, ол тақырып ұстазыңыз түсіндіргеннен есіңізде қалса да, қайталап оқыңыз. Ережелерді жақсылап жаттаңыз. Оқуда жіберіп алған тақырыптарымыз көп болған сайын жинақталуымыз да қиындайды.
4. Тапсырманы қиынынан бастап, оңайына өту арқылы орындаңыз. Яғни, ең қиын деген сабақтың тапсырмасын бірінші орындаңыз. Миымыз тың болған сайын тапсырманы да дұрыс орындаймыз. Ал шаршай бастаған кезде оңай тапсырмалар қалады.
5. Егер ертеңге тапсырма бермеген болса, өткен тақырыптарды қайталауға 30 минутыңызды арнаңыз. Осылайша миыңызды жаңа материалды меңгеруге дайындайсыз.
6. Физикалық ауыртпалықтар – сабақ үлгерімінің жақсаруының басты кепілі. Сондықтан, жаңа материалды меңгеру барысында арасында физикалық жаттығулар жасап тұруыңызға болады.
7. Еш уақытта ұстазыңызбен ренжіспеңіз. Жақсы оқу үшін пәнге қызығушылық танытсаңыз болғаны. Ал мұғалім мұны бағалайды.
Олай болса іске сәт дейміз! Күнделігіңізде тек бестік бағалар болсын. Ал ең бастысы – басыңызда сол бағаға лайық білім болсын!
Сурет: Жанаман Бактуреевтің жеке парақшасынан
Қ. Бүйенбай