Мектепке дайынбыз ба?

Мектепке дайынбыз ба?
Фото: qlpa.kz

Бұл күндері əр шаңырақ абыр-сабыр.  «Биыл кітапты мектеп береді екен, сатып алмайтын болдық» деп қуанған ата-ана. «Биыл да былтырғы костюмді киемін бе?..» деп қобалжыған бала. «Ақшаны қалай жеткізсек…» деген уайым. Əрқайсымызға таныс жағдай ғой, солай ма, балалар?

Міне, жазғы демалыстың да көбі өтіп, азы қалды. Қарбалас кезең басталды. Мектебімізді, достарымызды сағынған болармыз. Ала жаздай бір тынбайтын үйдің шаруасынан шаршаған да шығармыз. Ал мектептің керек-жарағы ше, түгел ме? Ендеше, бізбен бірге бір түгендеп қоялық…

СӨМКЕ ЖӘНЕ ҚАҒАЗ-ҚАЛАМ. Мектепке бару үшін ең бірінші кезекте бізге сөмке керек. Егер былтырғы сөмкеміз болса, оның тігісі кеткен жерлерін тігіп, жуып-тазалап, соны ұстауымызға болады. Жыл сайын жаңа сөмке алу шарт емес. Үнемшіл болу маңызды.

7-8 сыныптан бастап қыздарымыз бой түзей бастайды. Балиғат жасына келген қыз баланың бұлайша есеюі заңдылық та. Дегенмен, есейгеннің жөні осы екен деп, мектептің сөмкесін қол сөмкеге айырбастай салу дұрыс емес. Сəнді қол сөмкені өмір бойы ұстаймыз. Ал мектепте жүргенде оқушыға қойылатын талапты ескерген жөн. Оның үстіне, кішігірім қол сөмкеге көп зат сыя қоймайды. Əрі оны үнемі бір иыққа асып жүреміз. Бір жағымызға үнемі ауырлық түскеннен кейін омыртқамыз қисаяды, жалпы тірек-қимыл жүйесіне салмақ түседі. Үнемі ауыр сөмкені бір иыққа аса бергеннен сол жағымыздың бүйрегі де төмен түсуі мүмкін. Мектепке ұстайтын сөмкенің мейлінше біртүсті, қарапайым болуына назар аударайық. Алабажақ, қызылды-жасылды сөмкені көшеге, жағажайға ұстасақ жарасады. Сөмкенің сүйегі ауыр болмауына немесе, керісінше, тым үлбіреген жұқа болмауына да назар аударған жөн. Дəптер, қалың дəптер, күнделік алғанда да əлгі талапты ұмытпайық. Жартылай жалаңаш қыздардың суреті басылған немесе роботтар мен спорттық көліктер бейнеленген дəптерлерге əуес болмаған дұрыс.

Қажетті карталар мен атластарды, қағаз-қалам сынды басқа да керек-жарағымызды ерте бастан түгендеп қойған дұрыс. Əйтпесе, ертең сабақ басталған уақытта «картам жоқ еді, атлас алмап едім» деп ақталып отырғанымыз ұят болады.

– Мектеп сөмкесінің қатты болуы маңызды. Жұмсақ сөмкенің ішіндегі заттар

мыжылады, бүлінеді. Ал қатты сөмкеде кітап-дəптер жақсы сақталады;

– Сөмкені арқаға асқан уақытта белімізден төмен түсіп тұрмауы тиіс;

– Иықты қиып кетпес үшін сөмкенің бауы қалың болғаны жөн;

– Сөмкенің арқалығында белге, омыртқаға салмақ түсірмеу үшін арнайы қатты жастықшалары болуына назар аударған жөн;

– Сөмкенің табаны қаттыболғаны дұрыс. Жерге қойғанда былғанбау үшін арнайы резеңке жапсырылға-нын алған дұрыс;

– Арқаға асатын сөмкені қолға ұстап жүрудің керегі жоқ. Ол омыртқаның қисаюына алып келеді. Ал оның ілмегі сөмкені партаның шегесіне ілу үшін жасалған.

ОҚУЛЫҚ. Оқулықты мектеп береді. Қазірдің өзінде мектептер оқулық таратуды бастап кеткен болар. Ал жетпеген оқулық болса, амал жоқ, сатып аламыз. Немесе екеуара, үшеуара бір оқулықты пайдалануға да тура келуі мүмкін.

Оқулықты мейлінше ұқыпты, таза ұстаған жөн. Егер қалай болса солай ұстасақ, жоғалтып алсақ, келесі жылы артымыздан еріп келе жатқан бір інімізге не қарындасымызға оқулық жетпей қалады деген сөз. Сондықтан қаптап, түптеп, ұқыптап ұстауға тырысайық.

Иə, мектептің керек-жарағын түгендеу оңай емес. Əсіресе, бірнеше баласы мектепке баратын отбасылар үшін қиын. Біздің айтып отырғанымыз бер жағы ғана. Оның ар жағында қаншама дүние керек. Шаш буатын резеңкеден бастап есептесек, ұсақ-түйектің өзі біршама. Ал оның барлығы қандай еңбекпен келетінін кейде түсіне бермейміз. Түсіне білсек, ата-анамыздың еңбегін ақтаудың жалғыз ғана жолы – жақсы оқу. Ал жақсы оқу бəріміздің қолымыздан келеді. Ол үшін алдымызға мақсат қояйық, уақытымызды тиімді жоспарлап үйренейік.

МЕКТЕП ФОРМАСЫ. Астана қаласында жəне еліміздің басқа да бірқатар ірі қалаларында əр мектептің өз формасы бар. Олардың түсі де, фасоны да əртүрлі. Ал басқа жалпы білім беретін мектеп оқушылары негізінен ақ кофта мен жейде, қаракөк түсті шалбар жəне белдемше киеді. Көптеген мектептер қаракөк түсті галстук тағуды талап етеді. Кей мектептерде пиджак, енді бір мектептерде жилетка киеді. Қалай болғанда да, мектептің талабына сай киінген дұрыс.

Əлбетте, бəріміз əдемі болып жүргіміз келеді. Əдемі кофта кигіміз келеді. Юбкамыздың да басқалардікіне ұқсамағанын қалаймыз. Солай ғой? Бірақ, ата-анамызды да ойлау керек. Əрі мектеп деген сəн көрсететін жер емес. Жарты күнімізді мектепте өткізетіндіктен, онда үнемі оқып-жазумен айналысатындықтан, бірінші кезекте киіміміздің денеге жайлы, қонымды əрі қолайлы болуына назар аударайық. Желбір-желбір кофта əдемі көрінгенімен, сабақ кезінде кедергі келтіруі мүмкін. Жібек не шифон кофтаны да көшеге, қыдыруға, тойға киюге болар. Ал мектепке киетін кофтаның денеге жайлы, ауа өткізетін матадан болғаны дұрыс. Шалбар киетін қыздар оның тырысып тұрмауына назар аударғаны жөн. Юбкамыздың ұзындығы тізеден сəл жоғары ғана болса дейміз. Тым қысқа юбка не сарафанның қолайсыздық тудырғаннан басқа берері жоқ.

Дене шынықтыру сабағына да мейлінше біртүсті киім алған дұрыс. Мектепке биік өкшелі аяқ киім киюдің қажеті жоқ. Ұзақ уақыт сыныптан-сыныпқа көшіп жүретіндіктен, жүгіретіндіктен немесе бір сағат бойы тапжылмай отыратындықтан, аяқ киімнің жайлы болуы маңызды. Жылтырақ, лакталған, биік өкшелі топылайды тойға киеміз. Мектепке табаны жайлы, ауа өткізетін аяқ киім киген дұрыс. Сондай-ақ, аяқ киімнің түсіне де мəн берген жөн. Жалпы, мектеп оқушылары үшін ақ, қара, қаракөк түсті аяқ киімнен ыңғайлысы жоқ. 7-8 сыныпқа барғаннан бастап қыздар жағы шашымызды жайып жүруге əуеспіз. Осының түкке керегі жоқ. Төбемізге ақ бантик тағып алмасақ та, шашымызды жинап жүрейік.  Мектепте оқып жүргенде күнделікті боянып, кірпік жалғап, тырнақ өсіретін қыздар да болады. Қыздар, сендер – қызғалдақсыңдар. Онсыз да көркем, онсыз да əдемісіңдер. Ал əлгіндей нəрселер, керісінше, адамды өз жасынан қартайтып көрсетеді. Ерте есеюге асықпайық. Оның орнына сапалы білім алуды ойлайық.

zhasorken.kz

@. @assel_assanova